Алдағы жылы Алматыда қолданылмай тұрған 88 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылып, орнына, әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызылады. Бұл туралы, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Жер кодексынде, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімі 3 жыл ішінде, ауыл шаруашылығына арналған алқаптар 5 жылдың ең болмағанда екі маусымында пайдаланылуы тиіс делінген. Шарт орындалмаған жағдайда, жер телімдері мемлекетке қайтарылады.
«2015-2016 жылдар аралығында Алматы қаласының әкімдігі жеке тұрғын үй құрылысына берілген, бірақ, қажеттілігі бойынша қолданылмай тұрған 360 жер телімін анықтады. Жер кодексының 92-94 бабына сәйкес тиісті шаралар қолданылып, мемлекетке қайтару қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, 2015 жылы коммерциялық мақсатқа алынған, 602 жер телімі анықталды. Бұл деректер бойынша, тиісті шаралар қолданылып жатыр»,- деді Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы, Алтынбек АХМЕТОВ.
Алматы қаласының аумағы 68,35 мың гектарды құрайды. Бірақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әрбір Қазақстан азаматына тиесілі 10 сотық жер алып шаһарда берілмейді. Өйткені, қала бойынша, жер үйлер саны бас жоспарда көрсетілгеннен асып кеткен. Сондай-ақ, жеке тұрғын үй иелері өздеріне тиесілі жер телімінен асып, қоршау жасаса айыппұл төлейді.
«ҚР әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 136 бабына сәйкес мемлекет меншігін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Яғни, жеке тұлғаларға 75 айлық көрсеткіш, кіші кәсіпкерлік субъектілерге 100 айлық көрсеткіш, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 150, ірі кәсіпкерлерге 700 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл көзделген»,- деді Алматы қаласы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім жетекшісі, Азат ИСЛАМОВ.
Жыл басынан бері мемлекет меншігін бұзғаны үшін азаматтарға 158 айыппұл салынып, мемлекет қазынасына 31,5 миллион теңге түскен. Айыппұл салынған соң, заң бұзушыға 30 күн ішінде талапты орындауы тиіс. Шарт орындалмаған жағдайда, сот орындаушылары мәжбүрлі түрде заң бұзушылықты жоюға құқылы.
Бақыт Жақаш, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыз, жаңа басылымдарды жіберіп алмау үшін