Алматыдағы ескі үйлерді сүру жоспарлы түрде жалғасады. Қала әкімі Бауыржан Байбек, тозығы жеткен баспаналар бағдарламасы мен аулаларды абаттандыру, сондай-ақ, қаланың бірқатар даңғылдарын жаңарту барысымен танысты. Жақын арада Сүлейменов пен Жандосов көшесінің қиылысында орналасқан 50-ші жылдарда салынған үйлерді сүру жұмыстары басталмақ. Ал ол үйлердегі тұрғындарға уақытша паналайтын пәтер берілмек. Сол аралықта дәл сол аумаққа жаңа көпқабатты тұрғын үй салынады. Бас-аяғы тозығы жеткен 44 үй сүрілетін болады. Оған қоса, Райымбек даңғылы бойындағы 2,7 га жерге орналасқан екі қабатты апатты үй де сүріледі. Жалпы, алдағы жылдары ескі және апатты жағдайдағы 500 үй бұзылып, олардың орнына 1,2 млн. шаршы метр аумақты қамтитын баспаналар бой көтермек.
«Ескі үйлерді сүру жұмысы бәріне де пайдалы болмақ. Жұмыс орындары ашылады, олардан салық төленеді, техникалар жұмыс істейтін болады, сіздерге де жақсы. Бәрі де заң аясында атқарылады. Әр адамның жағдайы ескерілетін болсын. Бір жыл шыдасаңыздар болды», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК тұрғындармен кездесу барысында.
Жұмыс сапары барысында қала әкімі Әуезов ауданындағы жаңарған аулаларды көрді. Онда биыл 65 аула жөнделген еді. Былтыр қалада 500 аула жасалса, осы жылы тағы да 600 аула жаңармақ. Аула келбетін өзгерту барысында балалар және спорт алаңдары, тренажер және ойын кешендері пайдалануға беріледі. Олардың едендеріне асфальт және резина төселіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылады. Шаһар басшысы қаланың тарихи орталығын жаңартуға қатысты жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынын да назардан тыс қалдырмады. Бүгінде Абай, Абылай хан, Назарбаев даңғылдары мен Абай алаңындағы инженерлік желілерді қайта жүргізу жұмыстары қолға алынуда. Онда тас төсеу, жарық бағаналарын, суару жүйелерін ауыстыру, кіре берістер мен нысанның сыртқы келбетін өзгерту жұмыстары қыза түскен. Қайта жөндеу барысында жүргінші аймағы кеңейеді, көлеңкелі кеңістікке жасыл желек отырғызылып, су жаңа субұрқақтар салынып, кейбірі қайта жаңартылады.