Алматыда «Алтын домбыраның» иесі анықталды

06.12.2016 14:33

Алматыда «Алтын домбыраның» иесі анықталды. Екі күнге созылған республикалық ақындар айтысы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған. Толығырақ шайырлар жырын тыңдап қайтқан тілшіміздің бейнематериалы.


Республикалық дәстүрлі «Алтын домбыра» фестивалі биыл төртінші мәрте өткізіліп отыр. 3-ші желтоқсанда іріктеу туры өтіп, оған әр облыстан, мықты деген 20 ақын келген. Ал, 4-ші желтоқсанда өткен финалда 6 жұп өнер көрсетті.  Айтыс тақырыбы - Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Қадірлі қонақтардың арасында қала әкімі Бауыржан Байбек, Асанәлі Әшімов, Ринат Зайытовтар болды. Ақындар аламанын тамашалауға республиканың түкпір-түкпірінен халық жиналды. 


Домбыраның қоңыр үні мен ақындардың өткір де өтімді жырлары халықтың делебесін қоздырып, қыршаңқы әжуалары көрерменді күлкіге қарық қылды. Елдің жайын жырлаған шайырларлар жырына көпшілік сүйсініп отырды. 


Биылғы бас жүлде - Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Оған «Алтын домбырамен» қоса, бас жүлдеге тігілген 3 миллион теңге ақшалай сыйақы табысталды. Қызылорданың дүлдүлі бұған дейін де «Алтын домбыраны» жеңіп алған болатын. Ал, бірінші орын- алматылық Болатбек Оразбаев 2 миллион теңге, 2 орынға жайғасқан Оралдық Жансая Мусина 1 миллион теңге жеңіп алды. Жүлделі 3-ші орынды Серікзат Дүйсенғазы, Мейірбек Сұлтанхан, Өміржан Көпбосынов, Иранғайып Күзембаев өзара бөлісті. Төрт ақын 500 000 теңге сыйақыға ие болды. 


Ақындардың өнеріне әділ баға берген қазылар алқасының құрамында Аманжол Әлтаев, Қонысбай Әбілов, Қойлыбай Асанов, айтыстың тарланы, Мұхамеджан Тазабек, Дәулеткерей Кәпұлы болды. Республикалық айтыс Алматы қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтті.


Бақыт Жақаш, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы