Қала әкімі шаһардың инвестициялық климатын жақсарту бойынша кеңес өткізді

08.12.2016 13:57

Алматы шетелдік кәсіпкерлер үшін қаржы құйып, кәсіп ашуға қолайлы қала. Соңғы 11 ай ішінде шаһарға шетелдік инвесторлар құйған қаржы көлемі 160 млн долларды құраған. Бұл көрсеткіш келер жылы әрмен де ұлғайып, ірі жобалар жүзеге аспақ.


Еліміздің қаржы орталығы саналатын Алматыға тартылған инвестиция көлемі биылғы жылдың 11 айында 1,1 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішіндегі 160 млн доллар шетелдік инвесторлар құйған қаржы. Қала әкімдігі бұл көресткішті әрмен қарай ұлғайтуды, әрі қалада жұмыс жасайтын ірі трансұлттық компанияларды да көптеп тартуды көздеп отыр. Осыған орай, шаһардың инвестициялық климатын жақсарту және инвесторларды тарту бойынша кеңес өткізіп, шаһар басшысы Бауыржан Байбек қаланың артықшылықтары туралы шетелдік іскерлерге айтып берді.


 «Қаламызда инвесторларға қызмет көрсететін орталықтар бар. Онда инвесторлар өздері қызыққан барлық ақпаратты біле алады. Біз өз тарапымыздан қолымыздан келгенше инвесторларға бар жағдай жасап, әкімшілік кедергілерден арылтқымыз келеді. Қалаға қаржы құйып, маңызды жобаларды жүзеге асырғысы келетіндерді назардан қалдырмай, әуежайдан бастап күтіп алып, қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.


Шетелдік компаниялар Алматының әл-ауқаты мен мұндағы кәсіпкерлерге жасалатын жағдайға қызғушылық білдірді. Мәселен, немістің беделді «EuroBus» компаниясы электрлі автобустар құрастыратын зауыт ашуға ниетті екен. Жоба сәтті жүзеге асса, болашақта қаланың барша қоғамдық көліктері электрмен жүретін болады.


«Бізде жақын арада 27 жаңа май құю бекеттері ашылады. Онда міндетті түрде сұйытылған газ құю мен электрлі көліктерді қуттайтын нүктелер болады. 80 пайыз зиянды заттар қоғамдық көліктерден шығады. Сондықтан, қалада электрлі көліктерді көбейту үшін бірінші кезекте оларға жағдай жасауымыз қажет.


Қаладағы қоғамдық көліктерді дамыту мәселесіне Еуропалық қайта құру және даму банкі де қызығушылық білдіруде. Олар 2020 жылға қарай қаланың инфроқұрылымын жақсартып, экологиялық мәселелерді шешуге ықпал ететін жеңіл рельсті көліктердің жобасын жүзеге асырмақ. Жаңа желісі күніне 62 мыңдай жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді. Ал, жоба құны 400 млн долларға бағаланып отыр.


 «Біз қазір Үлкен Алматы айналма тас жолының жобасымен айналысып жатырмыз. Ол ел үшін өте маңызды жоба. БАКАД-тың құрылысы халықаралық деңгейде үлкен қызығушылық тудырды, қазір үш нақты ұсыныс бойынша осы жобамен жұмыс жасаудамыз. Оны аяқтағасын, экономикалық тиімді жеңіл рельсті көліктердің жобасын қолға аламыз. Бұл жобаның құны 300-400 млн долларға бағаланып отыр»,- деді Еуропалық қайта құру және даму банкінің орталық азия және Ресейдегі инфрақұрылымдар жөніндегі директоры, Екатерина МИРОШНИК.


Айта кетейік, Ертең Алматыда халықаралық инвестициялық форум басталады. Екі күнге созылатын Орталық Азиядағы ең ірі инвестициялық шараға 500-ден астам шетелдік және отандық кәсіпкерлер қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, Форумда қалталы инвесторлар мен халықаралық қаржы ұйымдарының басшыларына отандық өнім өндірушілердің тауарлары ұсынылмақ.


Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы