Алматыда қала әкімінің қатысуымен жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша жиын өтті

01.11.2016 17:43

Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша жиын өтті. Басты тақырып мемлекеттік аппараттың сапалы қызмет көрсетуі. Бауыржан Байбек қазіргі кезде қалада мемлекеттік-сәулеттік бақылаудың күшейгенін айтты. Оған қоса, жер қорын сақтап қалу мақсатында қатаң шаралар қолға алынуда. Кез келген жерді пайдалану шаһардың бас жоспарына сәйкес болмақ. Ал, жолдағы бақылауды күшейту үшін қосымша бейнекамералар орнатылатын болады. Аталған шаралар алдағы уақытта мемлекеттік қызметтегі жемқорлық фактілерін азайтады дейді мамандар.



«Біз бұл бағытта барлық процедураларды қарапайымдыландыра отырып, жариялы түрде жұмыс жүргізудеміз. Жер қатынастары, пәтер бөлу, құрылыс, архитектура, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы барлық іс - қимылдар ашық жүргізілуде. Лауазымды адамдарға, тұрғындарға, бизнеске барлық мәселелердің тек заң жүзінде, ешқандай сыбайлас жемқорлықсыз шешілетінін білдіреміз және талап етеміз. Бұл істе мемлекет пен бизнес арасында өзара түсіністік қалыптасуы тиіс», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.


«Жемқорлық тек мемлекетті ғана емес, жалпы қоғамды толғандырады, бұл еліміз үшін проблема. Осы мәселеде біз әлемде 123-ші орындамыз, жемқорлық деңгейі әлі де жоғары. Дегенмен, жемқорлыққа қарсы саясат арқасында біз 2014-2016 жылдары 17 позицияға көтерілдік», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик ШПЕКБАЕВ.


Соңғы бір жыл тоғыз ай ішінде 660 лауазым иесі айыппұл төлеген. Соның арқасында өткен жылы бюджетке 3,5 млрд теңге түсті. Жоғарыда аталған мерзім ішінде 924 мемлекеттік қызметкердің дүние- мүлкі тәркіленді, 1210 адам өмір бойына мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айрылды. Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мен құжаттарды рәсімдеуді жақсарту барысында Алматы бүкіләлемдік «Doing Business» банкі жариялаған рейтингте алға шықты. Биыл Қазақстан 6 тармақ бойынша жоғары көтеріліп, 35 орынға жайғасты.


«Салықтық әкімшілік те жеңілдетілді. Бүгінгі күні Алматыда салықтық есеп берудің 96% -ы электронды түрде жіберіледі, электронды салық қызметінің үлесі - 85%. Мұнда қызметшілердің біліктілігіне көп нәрсе байланысты. Мемлекет басшысы айтып өткендей, кәсіби мемлекеттік қызмет меритократия принциптеріне негізделген.Осы ретте бізде өз ісін жетік меңгерген аппарат қалыптасқан», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.