"Жұлдызай-2017" Республикалық фестивалі өз мәресіне жетті. Мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармаршалығын дамытуға бағытталған шара Алматыда өтті. Және биыл алғаш рет мүгедек балалар "жұлдызай" спартакиадасында бақтарын сынады.
Жыл сайын «Жұлдызай» фестивалі еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген дарынды балалардың басын қосады. 2005 жылдан бері ұйымдастырылып отырған бұл шара Алматыда алғаш рет өтті. Қалалық әкімдік мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ауқымды мерекелік іс-шараға барынша қолдау көрсетті. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек "бейнелеу және декоротивті-қолданбалы өнер» номинациясы аясында мүгедек балалардың өз қолдарымен жасаған бұйымдары мен ерекше суреттерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол қаладағы «Даму интелектуалдық қабілеті төмен балаларға арналған №7 арнайы мектеп-интернатының» «ЭКСПО-2017 балалар көзімен» атты ұжымдық жұмысын сатып алуды жөн көрді. Осылайша, ол жас өнерпаздардың еңбектері бағалану керек дегенді меңзесе керек.
«Енді осы гала концерт Алматыда өткеніне біз өте қуаныштымыз.Неге десеңіз, 300 бала әртүрлі өңірлерден Алматы қаласына келіп, Алматы қаласын көріп,Алматыда жаңа достарды тауып,осы біздің арамызда отырған барлық балаларға үлкен алғысымды білдіргім келіп отыр»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Айта кету керек, Алматы - 2020 даму бағдарламасы аясында ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін қалада 2016 жылы 3 психологиялық-педагогикалық коррекция кабинетінің және бір психологиялық- медико-педагогикалық консультация ашылды. Қазіргі кезде қалада осындай 11 кабинет жұмыс істеуде. Корпоративті «Болашақ» қоры мен «Ашық Әлем» қоғамдық қоры инклюзивті білім беруді дамыту үшін кабинеттер мен ресурстар орталықтарын ашты. Ал фестивальда таланттарды іріктеу 6 номинация бойынша жүргізілді. Алматыға келген өнерпаздар саны 300-ден асады. Мерекелік шараның басты алаңы Республика сарайы болды. Гала-концертте жеңімпаздар эстрада жұлдыздарымен өнер көрсетті.
Орал қаласынан келген Арман Дүйсенқұлов осымен фестивальге 5-ші рет қатысып отыр. Ол облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған интернат-мектептің оқушысы. Бұл жолы да Арман құр қол қайтпады. Вокал номинациясы бойынша 1-ші орынды қанжығасына байлады.
«Жұлдызайдың» әр жылы болған фестивальдері өте қатты ұнайды.Осы жылы Алматы қаласында болғаны өте ерекше болды.Маған ұнады. Мен өмірімдегі ең ірі жетістіктерге дәл осы фестиваль арқылы жеттім.2013 жылы көркем сөз оқудан бірінші орын алсам, осы жылы вокалдан жеңімпаз болдым. Өте қуаныштымын. Мен «Жұлдызай» фестиваліне ризамын»,- деді Фестиваль жеңімпазы, Арман ДҮЙСЕНҚҰЛОВ.
Арман әділ қазылар алқасын қоңыр даусымен баураса, Қостанайлық «Экспрессия» тобы ым-ишаратпен ән айтып, төрешілерді тәнті етті. Сондай-ақ, мың бұралған биші қыздардың қойылымы көрерменнің көңілінен шықты. Бірнеше ай бойы дайындалған олар фестивальдің гран-при жүлдесін ұтып алды.
«Біз жеңіске жету үшін көп уақыт бойы талпындық. Біздің арманымыз орындалды»,- деді «ЭКСПРЕССИЯ» тобы.
Бұл байқауда әрбір қатысушы жеңімпаз. Тағдырдың жазуымен мүгедек болса да, мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеуге қауқарлы. Олар, шетінен талабы биік талантты бүлдіршіндер. Балалар енді келесі жылға дейін «Жұлдызайды» тағы да тағатсыздана күтеді. Себебі, аталған фестиваль жеткіншектердің өнері сыналатын алаңға айналды.
Нұрсұлтан Біләл, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы