Сел қаупі сейілген жоқ. Алматыда 65 қауіпті аймақ тіркелген. Себебі, тау бөктеріндегі қар деңгейі былтырғымен салыстырғанда 2 есе көп. Осыған орай, мамандар қауіптің алдын алуға кірісіп кетті. Бүгіннен бастап "Көктем-2017" республикалық оқу-жаттығу жұмыстары басталды. Төтеншеліктер Алматының Алатау ауданындағы Қарғалы өзенінің халыққа қауіпті аймақтарын жөнге келтіріп, өзен жағасына құм салынған қаптар төседі.
Алатау ауданына қарасты «Теплоэнергетик» саяжайын кесіп өтетін Қарғалы өзені, соңғы үш жылдан бері, тұрғындарды әуре-сарсаңға салған көрінеді. Күн жылына қар еріп, өзендегі су деңгейі толысады екен. Мәселен былтыр да жағадағы тұрғын үйлерге су кіріп, жұртқа бейпіл бейнет көрсетіпті. Осында ғұмырының 25 жылдай уақытын өткізіп келе жатқан тұрғын Надежда Барахтина ол кездегі жағдайдың жақсы болғанын айтады. Тіпті судың тұнықтығынан балықтардың да жүзіп жүргенін көретінбіз дейді.
«Былтыр жағдай мүлде адам төзгісіз болған. Бәріміз судың астында қала жаздадық. Басында өзен дұрыс жасалмаған. Өзенде құм көбейіп кетіп, суы тасыған болатын. Біз өзен бұрылысы дұрыс еместігін айтып, тиісті құжаттар жинағанбыз. Бас жақта өзеннің ені 5 метр, ал біз жақта бар болғаны 1 жарым метр. Сондықтан да бізді су басып кетті»,- деді Алатау ауданының тұрғыны, Надежда БАРАХТИНА.
Су басу қаупін алдын алу үшін республика бойынша «Көктем-2017» командалы-штабты оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде. Басты назар өзен бойында орналасқан елді-мекендерге, яғни Наурызбай мен Алатау аудандарына аударылыпты. Ал кейуана өзен жағасына жүргізіліп жатқан оқу-жаттығу әрекеттерін көріп, тым құрыса, өзеннің суы биыл тасымаса екен деп үміттенді.
«Жаттығу жұмыстарын тура осы біздің өзенге жасап, жақсы болды ғой. Осындай олқылықтарды жөндеу үшін өздерінің техникаларымен, күштерімен келіп көмектесіп жатқанына рахмет айтамын. Мына ретсіздік дұрысталса, бүкіл тұрғындар алғыс айтады деп ойлаймын»,- деді Алатау ауданының тұрғыны, Надежда БАРАХТИНА.
Шара барысында Қарғалы өзенінің тереңдігі мен жағасын ретке келтіріп, жан-жағына құм салынған қапшықтар қойылды. Бұл өз кезегінде, қар еріп, су деңгейі артса, тасқынның алдын алмақ. Өзенді ретке келтіру жұмыстарына 140-қа жуық қызметкер мен 24 бірлік техника қолданылды. Жалпы оқу-жаттығу аясында Алматы қаласының 8 ауданында 2 мың адам мен 678 түрлі техника мен арнайы құрылғылар тартылыпты.
«Мына оқу-жаттығудың арқасында Алматы қаласындағы екі аудан проблемалық участок деп саналады ғой. Наурызбай ауданы мен Алатау ауданы. Сондықтан, жаттығу арқылы күш-құралдарды салып, қаптарға құм толтырып дегендей. Оған қоса өзімізде 500 тоннаға жуық құм дайын тұр, шанцевый инструменттеріміз де дайын. Бұл жаттығу республика деңгейінде бір-ақ рет өтеді»,- деді Алматы қаласы ТЖД азаматтық қорғау басқармасының аға офицері, Бекболат БҰҒАБАЕВ.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биылғы түскен қар деңгейі былтырмен салыстырғанда 1 жарым- екі есе жоғары болған. Ұйымдастырушылар аталмыш оқу-жаттығулар халыққа жылдам әрі сапалы көмек көрсетудің кепілі болатынына сенімді.
Назкен Байтілес, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы