Алматыда «мобильді топ» жемқорлыққа қарсы жобасы бастау алды. Енді мобильді топтың бірнеше арнайы автобустары азаматтарды қабылдап, насихат жүргізетін болады. Құрамына көрнекті қоғам қайраткерлері, қалалық мәслихат депутаттары енген жобаның мақсаты - қоғамдағы жемқорлық құбылыстарының алдын алу және жолын кесу. Бағдарлама Елбасының халыққа Жолдауында атап көрсетілген нақты тапсырмаларға сәйкес, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия аясында жүзеге асты. Мобильді топтың алғашқы кездесуі Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжінде өтті. Жиында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың, жемқорлық әрекеттерімен күрес және олардың жолын кесудің негізгі бағыттары түсіндірілді.
«Мобильді топтың мүшелері арнайы насихат автобусында азаматтарды, еңбек ұжымдарын қабылдайтын болады. Шарамен білім, денсаулық сақтау саласы мекемелерін, өндіріс кәсіпорындарын және қаланың басқа да ұйымдарын қамту көзделіп отыр. Осылайша, әрбір азаматқа жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы қолжетімді форматта хабарлауға мүмкіндік беріледі»,- деді Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы, Айгүл БАЙХАНОВА.
«Мобильді топ» жемқорлыққа қарсы жобасы еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен, Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе жасалып отыр. Айта кетейік, бұл жоба 2-інші наурыз күні Астана қаласында бастау алған.