Қоғамдық көліктермен велосипед алып жүруге де болады

05.06.2017 14:35

Енді қоғамдық көліктермен велосипед алып жүруге де болады. Қаладағы автобустарға  арнайы бекіткіштер орнатылып жатыр. Қондырғыны кез-келген жолаушы пайдалана алады. Себебі, ол үшін ақы төлеудің қажеті жоқ.

Асқар Төлеевтің қос дөңгелекті көлікті тізгіндеп жүргеніне 15 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында ол ажырамас серігіне айналыпты. Алғашында тек қызығушылықпен басталса, қазір транспорттық құралы болып кеткен. Көлікке қарағанда, велосипедтің артықшылығы көп. Қаржыны үнемдейсің, жолда уақыт жұмсамайсың, ең бастысы денсаулыққа пайдасы мол дейді. Асқардың сөзінше, Алматыда соңғы уақытта велосипед пайдаланушылар саны күннен-күнге артып келеді. 

«Алматыда қала тұрғындарының көбі қос дөңгелекті көлікті тек уақытша емес, транспорттық құралға айналдырған. Бұл өте қуантады. Себебі, қалада көлік мәселесі өткір. Автобуста велосипедке арналған бекіткіштер өзге мемлекеттерде біраз жылдан бері қолданысқа енгізілген. Мұндай құралдың енді Алматыда да пайда болуы біз секілді велосипедшілер үшін өте қолайлы»,- деді Вело-алматы тобының өкілі, Асқар ТӨЛЕЕВ.

Бүгінде Алматыда велосипед бұқаралық спортқа айналған. Оған дәстүрлі түрде өткізілетін велошерулер дәлел. Қазіргі таңда, Алматыда 23 шақырым веложол салынған. Осы жылы тағы қосымша 15 шақырым салынбақ. Бірақ олар өзара байланыспаған әлі. Қаладағы автобустарда велосипед бекіткіштердің салынуы бұл мәселені шешуге септеспек. 

«Біздің мына қаланың транспорттық жүйеге жасап отырған реформасының ең басты тетіктерінің бірі ол мына вело жұмысын жандандыру, вело жүргізушілерді қолдау.  Сол жұмыстың аясында біз биылғы жылы мына алматының жоғары ауданындағы Орбита микрорайоны мен Көк базарды жалғайтын ұзын-саны 15 шақырымды құрайтын велокоридор жасауға тырысып жатырмыз. Ол сол велокоридорды жылдың аяғына дейін бітіреміз деген ойымыз бар»,- деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт ИСАХОВ. 

Автобустағы қондырғылар барлық халықаралық талапқа сай. Велосипедті автобусқа бекіту үшін көп уақыт кетпейді. Қоғамдық көлік жүргізушілері арнайы оқытылған. Қос дөңгелекті көліктің қаупсіздігіне көлік жүргізушілері мен жолаушы тасымалдау мекемелері жауапты. Жаңашылдықтың артықшылығын қаланың жас велоспиедшілері де бағалап үлгерді. 

«Қондырғы өте қолайлы. Әсіресе қаланың төменгі бөлігінде тұратындар автобусқа еш кедергісіз отырып, қаланың орталығына жете алады»,- деді 6-сынып оқушысы, Даниэль ЛАПТЕВ.¤

Қазір мұндай қондырғы алып шаһардағы 29 және 45 қоғамдық көліктерге орнатылды. Алдағы уақытта оның саны жиырмаға дейін арттырылмақ.

Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы