Алматы көшелерінде тұңғыш рет электроавтобус жүре бастады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы көшелерінде тұңғыш рет электроавтобус жүре бастады. Немістің заманауи қоғамдық көлігі алып шаһарда сынақтан өтті. 18 метрлі автобус толық қуатталған соң, сегіз сағатқа дейін жолаушы тасымалдауға қауқарлы. Электрлі көліктің бұл түрі кәсіпкердің қаржысына сатып алынған. Болашақта іскер тіпті Алматыда электроавтобус құрастыратын зауыт ашпақ. Онда шығатын қоғамдық көліктер, қала тұрғындарын тасымалдап қана қоймай, алыс-жақын шет елге сатылымға шығарылмақ.

Келер аптадан бастап жолаушы тасымалдауға көшетін бұл автобус, қала көшелерінде сынақтан өтті. Электрлі қоғамдық көлік жеңіл балқытылған каркастан жаңа технология бойынша жасалған. Соның арқасында салмағы жеңіл, әрі шу шығармайды. 18 метрлі автобус әрқайсысы 200 ден 500 кВт болатын үш аккумуляторлармен жабдықталған. 5 сағат толық қуатталған соң, 300 шақырым жол жүре алады.

Автобусқа 120 адам сияды. Мұнда жолаушылар үшін бар жағдай жасалған. Қоғамдық көліктің іші кондиционермен, сондай-ақ, бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Ең бастысы бұл көлік, әрбір климатқа төзімді.

Төмен еденді автобус таулы аймаққа да қолайлы екен. Сонымен қатар, электрлі қоғамдық көлікте мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жағдай жасалған. Бүгін осы модельдегі автобустар Еуропаның Берлин, Мадрид, Осло, Гамбург қалалары мен Алматыда 1 данадан бар. Немістің мұндай автобусын алып шаһарға кәсіпкер алып келіпті. Әрі, іскер қалада жыл соңына дейін электроавтобус жасайтын зауытты іске қоспақ.

«Үстіміздегі жылдың үстінде ойлап отырмыз 20 автобусты құрамын осы жерде құрастырамыз. Ал, келесі жылдары 100-ден 1000-ға дейін жеткізетін ойларымыз бар. Өйткені, ол жобаның барлық мүмкіншілігі бар. Барлығы біздің архитектормен, біздің инженермен қазір жұмыс жасалып жатыр. Болашақта мысалы 100-ден 200-автобусқа дейін Алматы қаласында қолдансақ, өзіміз жеке паркті қолданатын болсақ, сату мәселесі біздің алдымызда тұрған табыс табу, ол сырт елге сату»,- деді Кәсіпкер, Мұрат ӘДІЛХАНОВ.

Кәсіпкер зауытты ашып, электроавтобустарды құрастыру үшін немістің «Еurabus» компаниясымен келісімге отырыпты. Олар өндіріс орнын жабдықтауды, сондай-ақ, автобус құрастыратын мамандарды оқытып, тәжірибеден өткізумен айналысады. Қазірдің өзінде электроавтобус құрастыру үшін Германияға тәжірибеден өтуге елімізден 55 адам жіберілмек.

«Бұл автобустар ең соңғы үлгіде жасалған. Өте ыңғайлы. Жазда кондиционері жұмыс істейді, ал қыста жылыту жүйесі де жабдықталған. Болашақта, құрастырылған электроавтобустардың батареяларына біз өз тарапымыздан 8 жыл кепілдік береміз»,- деді "EURABUS" компаниясының бас директоры, Кристиан ЗАЙЦ.

Алматы көшелеріне тұңғыш шыққан электроавтобус келер аптадан бастап бір туристік бағытта жолаушы тасымалдай бастайды. Қоғамдық көлік, Ұлттық саз аспаптары мұражайынан, Медеу шатқалына дейінгі аралықта қатынайды. Ал, болашақта олардың саны көбейгенде, қалада толыққанды жолаушы тасымалдамақ. Ал, жолақы құны Алматы бойынша бекітілген тарифпен бірдей болмақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров