Әлем чемпионатының жеңімпазы: Алматы зообағындағы тапирдің болжамы

Әлем чемпионатының жеңімпазы: Алматы зообағындағы тапирдің болжамы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бақ шаба ма, бап шаба ма? Төрткүл дүниені аузына қаратқан футболдан әлем чемпионының жеңімпазы осы жексенбіде анықталады. Ал ертең Англия мен Бельгия құрамалары үшінші орынға таласады. Жалпы, биылғы чемпионаттың тосынсыйы көп. Мұны сарапшылар заңды құбылыс санайды. 

Футболсүйер қауым Алматы зообағындағы тапирдің футболдан әлем чемпионын анықтап қойғаны туралы айтуда. Осыған дейін зообақтың Мартин есімді жануары  жартылай финалдың екі ойынында кімнің жеңетінін дәл тапқан еді. Қызығушылық танытып, әлі де Мартинге қонаққа барып, биылғы әлем чемпионы кім болатынын болжап көрушілер баршылық.

Зообақ қызметкерлері, тапирлердің өмірін түрлендіріп, қызықты ету үшін осы дәстүрді қолға алған екен. Естеріңізде болса, бұған дейін жыл мезгілдерінің уақытын анықтайтын Құрманбек атты қонжық туралы көрсеткен болатынбыз. 

«Тапирлер басқа жануарларға қарағанда сергек қимылдап, адамдармен тез тіл табысады. Сол себепті тәжірибе жасап көрген едік. Осыған дейін болған екі ойынның жеңімпазын дәл тауып берді. Осылайша бүгін де әлем чемпионы кім болатынын анықтағымыз келді. Болжамы расталады деп сенеміз», – дейді Алматы зообағының қызметкері Алина ЧИНИРУК. 

Сонымен, үшінші орынға қай елдің құрамасы тұрақтайтынын Мартин есімді тапир болжап берді. Айта кетсек, күні ертең Англия мен Бельгияның құрамалары өзара додада кімнің мықты екенін дәлелдейтін болады. Ойынның қалай аяқталарын біз білмейміз, әрине. Бірақ Мартиннің түйсігіне сенсек, үшінші орынға Англия құрамасы лайық екен. Ал жеңіс тұғырынан кім көрінеді?

Әлем чемпионатының тарихында алғаш рет Хорватия ақтық сынға шықты. Өткен сәрсенбіде өткен жартылай финал ойынында алғашқы бесінші минутта «үш арыстан» құрамасы гол салғанымен, балқандықтар мұқалмады. Ойынның 68-ші минутында есепті теңестіріп, қосымша уақытта екінші рет допты қақпаға тықты. Сол күні Мәскеу көшелерінде балқандықтардың жанкүйерлері түнімен тойлаған еді.

Хорватия астанасы Загребте де халық шулап жатты. Тіпті кейбірі көз жасына да ерік берді. Бұл әрине, қуаныштың көз жасы. Ал Англияға келер болсақ, олар жеңіс тұғырында тек 1966 жылы ғана көріне алған. Француздық жанкүйерлердің де қуанышында шек жоқ. Өйткені араға 20 жыл салып, әлем чемпионатының жеңімпазы атануы бек мүмкін. Осы сейсенбіде Санкт-Петербург стадионында белгиялық құраманы 1:0 есебімен жеңген болатын. Ол голдың авторы  Самуэль Умтити.

ФИФА керемет ойын көрсеткен командаларды ынтыландырмақ. Мундиальдің жалпы жүлде қоры 400 миллион долларды құрайды. Турнирдің әрбір қатысушысы 8 миллион долларды қанжығаларына байлайды. 1/8 финалға шыққандар 12 миллионнан, ал ширек финалдан шығып қалғандар, оның ішінде Ресей де бар, 16 миллион доллардан алады. Ал чемпион атанған Хорватия немесе Франция құрамаларының бірі 38 миллион доллармен елдеріне оралады. Ал жолы болмаған команданы ынтыландыру үшін 28 миллион АҚШ доллары  бөлінбек. Қола жүлдеге ие болған футбол командасы 24 миллион көк қағаздың иесі атанады.

Ал өмірін футболсыз елестете алмайтын жанкүйерлерге құлаққағыс етіп өтсек, еліміздегі букмекерлік орталықтар ақтық финалда Хорватияның жеңісіне 5 коэфиценттен жоғары берсе, Франция жеңеді деген болжамға 2 коэфицент беріп отыр. 

Жалпы, Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионаты тосынсыйларға толы болды. Фаворит атанып жүрген құрамалар ширек финалға шыға алмады, күтпеген командалар керемет ойын көрсетті. Тағы бір ерекшелік ретінде дүбірлі доданың 12 аренада, бірнеше қалада өтуі болып отыр. Ойынға келсек, спорт сарапшылары футболда мұны заңдылыққа балайды. Жеңіс тұғырынан көрініп қалған командалар ұта берсе, ойынның қадірі кетеді дегенді алға тартады. 

«Менің ойымша әлем чемпионаты сондай оқиғаларға толы болуы тиіс. Өйтпесе, әлем чемпионатының қадірі кететін еді. Ылғи жұрт күткен команда жеңе берсе, ол футбол болмай кетеді. Футбол деген жалғыз ғана Германияның, Бразилияның меншігіндегі дүние емес. Мысалы, әлемде 7 миллиард адам бар десек, соның шамамен, 2 миллиарды футболмен ауырады. Демек бұл кәдімгі әлеуметтік сипаты бар ойын болғандықтан, осындай тосын сыйларға толы болғаны жақсы деп есептеймін. Мысалы Германия топтан шықпай қалды. Аргентинаның жағдайы анау болды. Және ешкім күтпеген Бельгия мен Хорватия, Англия жартылай финалға дейін жетті», – деп пікір білдірді спорт сарапшысы Есей ЖЕҢІСҰЛЫ.

Алматылық қызға Елбасы тарту еткен француз бульдогы да әлем чемпионатына өз болжамын жасады. Ол да Мартин секілді алдыңғы ойындарды дәл тапқан. Дегенмен, тек мықты команда ғана керемет ойын көрсетіп, 38 миллион доллардың иесі атанады.

Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы.



Новости партнеров