Алматыда Шапық Шөкинге ескерткіш қойылды

Алматыда Шапық Шөкинге ескерткіш қойылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қазақтың энергетик ғалымы Шапық Шөкинге арналған ескерткіш орнатылды. Қоладан жасалған мүсін академиктің өзі негізін қалаған Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институты алдына қойылды. Шапық Шөкіұлы іргелі энергетикалық жобалардың және 500-ге тарта ғылыми еңбектің авторы. Еліміздің ғылымы мен энергетика саласына қосқан зор үлесі үшін ғалымға 1996 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілген еді.

«Шапық Шөкин өзінің іргелі ғылыми еңбектерімен еліміздің энергетика саласының дамуына зор үлес қосқан айтулы ғұлама. Отын энергетика кешенін құру жолдарын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген тұңғыш ғалым. Ол осы ізденістерімен, өндіріске енгізген ғылыми жаңалықтарымен сол кезеңдегі қоғамдық сананың жаңғыруына тың серпін беріп, ықпал еткен қайраткер десек артық айтпаймыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Бұған дейін қала әкімдігі ең үздік мүсіндер байқауын жариялаған болатын. Ұсынылған барлық нұсқалардың ішінен арнайы комиссия осы жұмысты таңдады. Энергетика саласында өлшеусіз еңбек еткен ұлы ғалым Шапық Шөкин ескерткіші «Рухани Жаңғыру» жобасы аясында орнатылды. Ал былтырғы жылы Алматы қаласының орталық көшесіне академиктің есімі берілген болатын.

«Шапық Шөкіұлы еліміздің ғылымының дамуына ұлттық ғылым академиясының президенті ретінде, оған дейін бас хатшысы ретінде үлкен еңбек сіңірді. Бұл еңбек тұңғыш елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзі оны бағалап, бұл кісіге көзі тірісінде «Халық Қаһарманы» деген ең жоғарғы атақ берілді. Осының бәрі ғылымға деген құрмет», - деді  академик, ҰҒА президенті Мұрат ЖҰРЫНОВ.


Новости партнеров