Алматыда алақ-жұлақ жарнамаға, сұрықсыз билбордтарға жол жоқ! Көше жағалай заңсыз, оған қоса ретсіз ілінген жарнама тақтайшаларын жаңа форматқа ауыстыру жұмысы қызу жалғасып жатыр. Жалпы қалада бас-аяғы екі мыңға жуық билборд бар екен. Бүгінде оның 1 мың 175 қиратылған. Ал 678 жаңа форматта қайта орнатылып үлгерген. Аталған жұмысқа қаланың көрікті болуын қалайтын кәсіпкерлер үлкен қолдау білдіріп жатқан көрінеді. Толығырақ Жадыра Омаржан жалғастырсын.
¤2015-ші жылы Алматы қаласы мәслихатының депутаттары бірауыздан жарнамалық тақтайшалардың көлемін бір қалыпқа түсіруді ұсынған болатын. Сөйтіп билбордтардың ұзындығы - 2,30 метр, ені 3,14 метрден аспауы тиіс деп шешілді. Жаңа форматқа сай еместері алынып тасталып, қайта орнатылуы керек деген болатын. Қалтаның қамынан бұрын қаланың көркін ойлайтын кәсіпкерлер игі бастаманы бірден қолдаған. Қайта жарнамаға тапсырыс берушілердің қатары артқан. Өйткені, тақтайшаның көлеміне байланысты салықтың ақысы да анағұрлым азайыпты. Онымен қоса, жалға беру құны да біршама төмендетілген. Бүгінде ірі жарнама компаниялары өз еріктерімен ескілерін сүріп тастаған. Ал кәсіпкерлер бастаған жұмыстарын тоқтатпаймыз деп отыр.
«Бұл жұмысты біздің мекеме алғашқылардың бірі болып бастады. Ұсынысты бірден қолдадық. Өткен жылдан бері 437-ден астам ескі форматтағы билборд бұзылды. Ал 200-ден аса құрылымды жаңасына көшіру жұмысы жалғасуда. 2017-ші жылдың соңына дейін оны бітіру ойымызда бар. Бұл бастама бізге ұнайды. Қала әбден тот басқан темір-терсектен арылатын болды»,- деді Жарнама компаниясының директоры, Данияр ЕСМАҒАМБЕТОВ.
«Қала бойынша 146 жарнама тақтайшасы болған. Соның қазір барлығын оларды демонтаж істеп, қазір 50 жаңа форматқа байланысты қойдық. Сол шешім бойынша өзінің форматы. Қаланың әрбір жеріне қойғанбыз. Бұрынғы ескі тақтайшалар жарнамалық тақтайшалар біресе тротуарды жабатын. Светофорды жабады. Содан кейін қаланың көркіне сәйкес келмейді»,- деді Жарнама компаниясының директоры, Ертілеу МҰҚАШЕВ.
Ретсіз қойылған билбордтар қала ажарын бұзып қана қоймай, көлік қозғалысына да кедергі келтіреді. Өйткені, немкетті тұрғызылған жарнама тақтайшаларының кесірінен кейбір жол ережесі белгілері мен бағдаршамдар көрінбей қалады. Осындай бірнеше факторлардың барлығы ескеріліп, қала билігі - жалғыз тоқтамға келген.
«2015-ші жылы Алматы қаласының көріктендіру ережелеріне өзгерістер енгізілген болатын Алматы қаласы мәслихатының шешімімен. Қазіргі таңда, 1175 билборд құлатылды, бұзылды. Оның орнына әзірше 678 билборд орнатылды жаңа форматта. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады. Жарнама өкілдерімен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Осы жаз бойы жұмыстар жалғасып, Алматы қаласындағы билбордттарды жаңа форматқа көшіреміз»,- деді Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшының міндетін атқарушы, Жанат АЙТІЛЕУ.
Қала көшелеріндегі жаңашылдықты халық та оң қабылдаған. Жаңа форматқа көшкен билбордтардың сапасы көзге бірден көрінеді дейді.
¤Заңсыз жарнамаларды жаппай сүру кейбір кәсіпкерлердің қытығына тиген. Сөйтіп, олар сотқа дейін шағым тастап, біраз дауласқан көрінеді. Бірақ, істері нәтижесіз. Өйткені, пайда қалалық әкімдіктің тарапына шешіліпті. Ал Алматы билігі бұл істі жаз мезгіліне дейін бітіруді көздеп отыр.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы