Алматыда болған өрттен 6 адам қаза тапты

Алматыда болған өрттен 6 адам қаза тапты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда болған өрттен 6 адам қаза тапты. Кешкісін «Алматы тауерс» бизнес орталығына жапсарлас салынған 6 қабатты ғимараттың үсті түгелдей жанып кетті. 80 адам қауіпсіз аймаққа шығарылғанымен, 1 адам қаза тапқан еді. Ал, кеше құтқару қызметінің мамандары тағы да 5 адамның жансыз денелерін тапты.


Кешкі сағат 6-дан 4 минут кеткенде басталған өртке төтеншеліктер оқиға орнына 7 минутта жетіпті. Сол кездің өзінде, қатты жалындап кеткен өртті бірден ауыздықтау мүмкін болған жоқ. Бұл кадрларды ғимарат ішінен шыққан куәгерлер түсірген. Олардың айтуынша, өрт басталған кезде-ақ ғимараттан 200- ден астам адам далаға шыққан. Ал, Төтенше жағдайлар департаментінің ресми мәліметі бойынша, қауіпсіз аймаққа шығарылған 80 адам.

«Мен осында кино көруге келгем. Достарыммен. Біз билет алып отырдық. 2-3 адам кіріп өрт болып жатыр деді. Біз біріншісінде сенген жоқ. Біреу қалжыңдап жатырма деп ойладық. Содан кейін иіс шықты. Біз шыққанда өрт болып жатты», - деді куәгер Имаш ҚАЙЫРЛЫХАН.

«Мына ғимараттың ішінде мейрамхана бар. Біз ледэкран, дауыс, жарық қойғанбыз. Күзешілер келді, өрт боп жатыр деді. Біз ойладық тоқтан кетіп жатыр деп. Таппадық. Шықсақ өрт болып жатыр. Қонақтардың барлығы шықты. 160-тай адам болған», - деді куәгер Нұрәлем ЛАЙЫҚҰЛЫ.

Ал, өрт болған аймақта тағы 5 адамның өлі денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша, олар құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан жұмысшылар екен. Сот медициналық сараптама жұмыстары жүргізілуде.

«Берілген ақпарат бойынша, 5 адам жоғалып кеткен болатын. Іздестіру жұмыстары нәтижесінде, 5 адамның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта олардың қайтыс болу себебі сот медициналық сараптама жүргізуде. Және де олар туралы мәлімет жиналуда. Алғашқы мәлімет бойынша, 5 адам да батут орталығында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылысшылар», - деді Алматы қалалық ТЖД өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметі бастығының орынбасары Бағдат ШАЙЗАДА.

Қазір осы дерек бойынша Ішкі істер департаментінде сот алды тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қаза тапқан адамдардың төртеуі туралы мәлімет анықталды. Қалған бір адам бойынша мәліметтер жиналып жатыр.

«Күні кеше оқиға болған жерден 54 жастағы ер азамат көз жұиған болатын. Тағы 5 азаматтың денесі табылды. Қазіргі таңда осы адамдардың өлімінің себеп- салдарын анықтау мақсатында сот медициналық сараптама тағайындалды. Табылған 5 адамның төртеуінің аты-жөндері мен тұлғалары анықталды. Тағы бір адам анықталмай отыр», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Өртенген аумақтың жалпы көлемі 1800 шаршы метр. Тілсіз жауды ауыздықтауға 150 өрт сөндіруші мен 34 арнайы техника жұмылдырылды. Бұдан бөлек, Ұлттық гвардиядан 50, Ішкі істер департаментінен 65 адам бар. Жалынның неден тұтанғаны тағайындалған тексерістерден кейін белгілі болмақ.

Азамат Әуезхан, Үмбетәлі Меймеш, «Алматы» телеарнасы 

Новости партнеров