Аманжол Халықов дүниеден озды

16.01.2018 21:40

Ұлы Отан соғысының ардагері, еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосқан арда азамат Аманжол Халықов 97 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Сұрапыл соғыстан кейін жас Аманжол «орталық Компартияда» қызмет істеген. Қазақ ССР-і Жоғарғы кеңесінде депутат болған. Марқұм «Парасат» орденімен марапатталған. Халық қалаулысын соңғы сапарға шығарып салуға ұжымдастары мен достары, ет жақындары келді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Аманжол Халықұлының туыстарына көңіл айту хатын жолдаған.

«Ұлы Отан соғысының ардагері Аманжол Халықұлы Халықовтың дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Ол кісі балалық шағының ауырлығына қарамастан, өзінің еңбексүйгіштігі, ізденіштігі сияқты қасиеттерінің арқасында Республикамыздың өсіп, өркендеуіне лайықты үлесін қосып, кезінде есімі жұртшылыққа кеңінен танымал тұлғаға айналған азамат еді», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.

Аманжол Халықовтың артында 4 қызы мен 8 жиен немересі қалыпты. Ғасыр жасаған азамат шөбере де сүйген. Ардагер Алматыдағы «Кеңсай» қорымына жерленді.