«Махаббат аллеясының» машақаты. «Жас отау» неке қию сарайының аумағына енетін 30-ға жуық көлікжай сүрілуі мүмкін. Ал қойманы қолданушы тұрғындар мұндай шешімге наразы. Іргесі қаланғанына жарты ғасыр болған көлікжайларды салуға кезінде жұрт өздері атсалысқан көрінеді. Халық қаланы көріктендіреміз деген атқамінерлердің бұл әрекеті аса сенімге кірмейтінін айтуда. Ал отау құру сарайын қайта жөндеуден өткізу жоспары белгіленіп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
Мұратбаев көшесінің бойында орналасқан мына қоймалардың салынғанына 50 жылдан асқан. Кезінде бұл көлікжайлар еңбек және соғыс ардагерлеріне берілген көрінеді. Енді бұл қоймалар қаланы көріктендіру жоспарына сәйкес сүрілудің алдында тұр. Ал тұрғындар тыныш тұрған ғимарат, аяқ асты, кімнің пайдасына жарай қалғанын білмей дал.
«Бұл көлікжай менің әкемнен мұра болып қалған. Мен неліктен әкемнен қалған естелікті құрбан етуім керек?! Бізге бұл қоймаларды жеке меншікке өткізуге еш мүмкіндік бермеді. Бірақ қалтасы көтеретіндер, шамасы жеткендері ғана өз меншігіне өткізіп алды. 28 гараждың тек 5-еуі ғана сатылған»,- деді Қала тұрғыны, Александр КАЦ.
Десе де Алмалы ауданының коммуналды шаруашылық бөлімі сол жекеге өткен 5 гараждың иелерімен келісімге келіп жатқан көрінеді. Ал қалған қоймалардың жалға беру мерзімі өтіп кеткендігін айтады.
«26 гараждың иелері бүгінгі таңда іздестірілуде. Өз тарапымыздан 5 заңды тұрған гараждың иелерін қазір таптық. Олармен жеке жұмыс жүргізілуде. Қалған 21 гараждың жалға беру мерзімі өтіп кеткен. Заңсыз тұрған гараждар міндетті түрде сносқа кетуіне тиіс болады. Себебі, бұл жерде орталық АХАЖ органын жалға алғандар олардың өздерінің міндеттемесі бар. Жақын маңындағы жер телімін көріктендіруге»,- деді Алмалы ауданы коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы, Руслан АЙТАНОВ.
Пәтер иелері кооперативінің басшысы да тұрғындардың бұл шағымымен толықтай келісетін көрінеді. Себебі, жауаптылар үй иелерін алдын ала құлағдар етіп, жұртпен бірауыздан келіспепті. Тұрғындардың сөзінше, бұл гараждардың артқы қабырғасы селден қорғау үшін арнайы салынған.
«Бұл мәселе туралы кооператив иелерімен келісу жұмыстары да, ешқандай жиналыс та өткен жоқ. Аяқ асты келісім бересіздер немесе біз сүріп тастаймыз деді. Шыны керек, мұндағы халықпен санасып жатқан ешкім жоқ. Гараждардың астында кәріз құбыры орналасқан коллектор бар. Сондықтан, бұл қоймаларды қайта жөндеуден өткізуге, сүруге тыйым салынғандықтан кезінде тұрғындардың меншігіне берілмеген»,- деді ПИК төрағасы, Татьяна КВАЧКО.
Ардагерлер қанша шарқ ұрып, қарсылық танытқанымен бұл гараждар түбінде бәрібір сүрілетін сыңайлы. Қазір қаланың басты неке сарайында құрылыс жұмыстары басталып кетіпті. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер компаниямен қалалық қаржы басқармасы келісіліп қойған.
«Бұл келісімдегі көрсетілген шарт бойынша, біз сарайдың өзін және орталық маңын жаңарту жұмыстарын жүргізуге толық құқылымыз. Қала әкімдігі жобаны бекіткен. Бұл жерге «Махаббат аллеясы» салынады деп жоспарлануда. Демалыс орны қалалықтардың бәріне арналған және ең бастысы мұнда ешқандай қоршау болмайды»,- деді Мердігер мекеменің директоры, Айгүл ХАЛЫҚОВА.
Жоба авторының сөзінше, бұл ғимарат нағыз ғашықтардың мекеніне айналмақ. Сүйкімді орындықтармен қоса, мұнда тіпті тамақтану орындары да пайда болуы мүмкін екендігі де айтылды. Ал қоймалардың орнына автокөлік тұрақтары пайда болмақ.
Назкен Байтілес, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы