Алматыда банк қызметкері Нұршат Розиевты өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты. 28 жастағы банкирді пышақтап, артынша мәйітін өзенге лақтырып кеткендердің бірі 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал, екіншісі 9 жылға темір торға қамалатын болды. Десе де, жәбірленуші тарап соттың бұл шешімімен келіспей отыр. Тақырыпты тілшіміз толықтырады.
Өткен жылы қыркүйекте қаладағы ірі банктердің бірінде қызмет істейтін Нұршат Розиев із-түссіз жоғалып, артынша өлі денесі өзеннен табылған еді. Аталған қылмысқа жарты жылдан кейін нүкте қойылды. Сот банкирді ұрлап әкетіп, артынша оны айуандықпен өлтіргендерге үкім шығарды.
Сот Нұршатты өлтіргені үшін Жандос Байзақовты айыпты деп танып, 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сондай-ақ, оның мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болды. Ал екінші сотталушы Аслан Райбаев бұл қылмыста кінәсіз деп танылды. Алайда сот оны бопсалау, біреудің мүлкін жымқыру және аса ауыр қылмыс түрін жасырғаны үшін айыпты деп танып, 9 жылға темір торға қамау туралы шешім шығарды. Енді ол жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді. Әрі қос қылмыскер де марқұмның туыстарына 5 млн теңге өтемақы төлейтін болады.
«Оларды өмір бақи бас бостандығынан айыру керек. Мен Байзақовтың баламды жалғыз өлтіргеніне сенбеймін. Райбаевта оған көмектесті. Олар ұрлық жасады, ұлымның көлігін ұрлап кетті, одан қалды үйіне өрт қойды. Жасаған қылмыстары өте ауыр, сондықтан 14 жыл өте аз деп ойлаймын»,- деді Н.Розиевтың анасы, Мехрибан НАЗАРОВА.
Айта кетсек, қылмыскерлер ауыр қылмысқа небары 30 мың теңге үшін барыпты. Өйткені, олар марқұм Нұршат Розиевтың түнгі уақытта көлігімен жол бойында тұрған Daewoo Nexia маркалы автомобильді соққанын көріп қалған. Байзақов пен Райбаев сол күні банкирдің үйіне келіп, ауызбастырыққа ақша бопсалаған. Алайда, Нұршат бұған келіспепті. Осы тұста ашуға булыққан екеуі, банк қызметкерін өлтіріп, мәйітін орап өзенге лақтырып кеткен. Кейін іздерін жасыру үшін, Розиевтың үйіне қайта келіп құнды заттарын ұрлап, артынша үйіне өрт қойған.
Розиевтың қайғыдан қан жұтқан туыстары соттың үкімімен келіспейтіндіктерін, сондықтан жақын күндері қайта шағымданатынын жеткізді. Олар, тіпті жоғарғы сотқа да арызданып, қылмыскерлерге ауыр жаза сұрауға бел байлап отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы