Астанадағы мектептердің бірінде ұстаздар шу көтерді. Мұғалімдердің айтуынша, мектеп директоры оқытушыларға негізсіз сөгіс жариялап, тіпті ақша да бопсалаған көрінеді.
Жаңа оқу жылын жаңа басшымен бастаймыз деген ұстаздар шу көтерді. Әділетсіздікке тап болдық деген мұғәлімдер құзырлы орындардың да табалдырығын тоздырыпты. Бірақ, нәтиже шықпаған әлі. Жаңа директор тағайындалғаннан кейін, айтуларынша, ұстаздардан маза қашқан. Біріне түсініксіз сөгіс жарияласа, енді бірін негізсіз жұмыстан шығарған. Тіпті кейбірінен ақша да алыпты-мыс.
«Аптасына бір рет десем қателеспеймін, шу болып тұрады. Оның нәтижесі жұмыстан шығарумен және сөгіс жариялаумен аяқталады. Маған да сөгіс жариялады. Бұл істің мән-жайын анықтау үшін қалалық кәсіподаққа бардым. Ондағылар мұның дұрыс емес екендігін айтты. Өйткені барлық процесс кәсіподақ мүшелерінің келісімімен өтуі керек»,- деді №67 гимназия мұғалімі, Зайра СПАЕНА.
Мектеп қызметкерлерінің айтуынша, басшылық спорт залы мен акт залын жалға береді екен. Осында желілік маркетинг компаниясы да өз ісін домалатып отырған көрінеді. Мәселенің мән-жайын білім ошағының басшылығынан анықтап көрмекші болдық. Бірақ, директор денсаулығына байланысты 11 мамырдан бері жұмысқа келмепті. Оқу ісі жөніндегі орынбасарын да орнынан таппадық.
«Спорт зал мен акт залы күнде, демалыс уақытында жалға беріледі. Түнгі 1-2-ге дейін жалға беріледі»,- деді №67 гимназия мұғалімі, Мағзия БАЗАРБЕКОВА.
Бұл жағдаймен білім және ғылым вице-министрі таныс екен. Оның айтуынша, қазір мектеп директорына сөгіс жарияланыпты. Тиісті тексеру де тағайындалған. Бірақ әзірге қорытындысын айту ертерек деп отыр.
«Бұл оқиғаға байланысты қызметтік тексеру тағайындалды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де мән-жайды анықтайтын болады»,- деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі, Эльмира СУХАНБЕРДИЕВА.