Астанада өткен Үкімет отырысында мүгедектер мәселесі қаралды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің жалпы ішкі өнімі биыл алғашқы тоқсанда 3,7 пайызға өсті. Экономиканың өсуіне 5 негізгі сала түрткі болған. Оның негізгісі құрылыс саласына тиесілі. Астанада Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осылай деп мәлімдеді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік  қорғау министрі мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуда оң өзгерістің байқалғанын жеткізді.

Өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі тыңғылықты дайындалған баяндамасын оқып, барлығының көңілін бір көтеріп тастады. Ведомоства басшысының мәліметі бойынша, осы жылдың алғашқы 4 айында жалпы ішкі өнім көрсеткіші 3,7 пайызға өсіпті. Бірақ бұл жыл бойына сақталмайтын көрінеді. Өйткені 2016 жылдың алғашқы 5 айында жалпы ішкі өнім құлдырап келген және 0,2 пайызға дейін жеткен екен. Сондықтан төменгі база эффектісі сақталады деді министр. Тимур Сүлейменов жылдық 2,5 проценттік өсімге қол жеткізу үшін жаңа қорларды іздестіру керек деп сөзін түйді. Дегенмен, экономикалық өсімге 5 негізгі саланың серпін бергенін айта кету керек.

«Экономиканың өсуіне өндіріс, құрылыс, транспорт, сауда және ауыл щаруашылығы салалары септігін тигізді. Оның ішінде құрылыс саласына ерекше тоқталуға болады. Алғашқы тоқcанда құрылыс көлемі 7 пайызға өссе, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 25 пайызға артып отыр», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Ал үкімет басшысы  Бақытжан Сағынтаев көрсеткіштерге сеніп отырмай, қол жеткізілген жетістікті ары қарай жетілдіруді тапсырды. Оның айтуынша, негізгі жұмыс екінші жартыжылдықта орын алады. Сондықтан барлығымызға - орталық және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыруды жалғастыру қажеттігін айтты.

Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтар қандай қызметтерді атқарып жүргендерін айтып берді.

«Қазір 35 мүгедек жан облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттығына сайланған. 37 мүгедек облыс, аудан және қала әкімдерінің кеңесшісі болып қызмет атқарып жүр. Үкімет және облыстық әкімдік жанынан қоғамдық бірлестіктерге мүшелік ететін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қорғау саласы бойынша үйлестіру кеңестері құрылып, қызмет атқаруда», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА.

Еліміздегі статистика комитеті жүргізген зерттеу бойынша, мүгедектігі бар азаматтардың 46 пайыздан астамы  Қазақстан халқының мүгедектік проблемасына деген көзқарасын оң бағалайды екен. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 5%-дан да аспаған. Бұның алдында министр Қазақстандағы мектептер мен ауруханалардың жартысы мүгедектер үшін бейімделмегенін хабарлаған болатын. Осы орайда айта кету керек, Үкімет басшысы Астана әкімі Әсет Исекешевтен елордадағы нысандарды мүгедектігі бар азаматтар үшін бейімдеу жұмыстары туралы сұрады.

«Біз өзіміздің қауымдастықтармен, барлық топтағы мүгедек жандармен бірге штаб құрдық. Қазір біздің жұмыс жоспарымыз бір жүйеге келтірілуде. Жалпы, Астанада соңғы төрт жылда тиісті инфрақұрылымы бар нысандардың 56%-і паспорттаудан өткен», - деді Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВ.

Жиыннан соң бұқаралық ақпарат өкілдеріне ауылшаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рақымбеков сұхбат берді. Өз сөзінде ол арам өлген малдың еті базарларда сатылып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Қазір базарларда тиісті ветеринарлық қызметтер жұмыс істеуде және олардың рұқсатынсыз ет сатылмайтынын жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, өткен апталарда әлеуметтік желілерде су тасқыны болған аймақтарда арам өлген малдың еті базарларда сатылып жатыр деген ақпарат тараған болатын. Осы орайда мал етін сатып аларда аса сақтықпен тексеріп алу туралы ескертулер айтылған еді.


Новости партнеров