Астанада туристік компания алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Астанада туристік компания алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада тағы бір туристік компания  құзырлылардың күдігіне ілікті. Елордалық бірнеше тұрғын саяхатшыларға қызмет көрсететін мекемені айыптап, полицейлерге арыз түсірген. Айтуларынша, әлгі компания түлкібұлаңға салынып, 10 млн теңгені қалталарына басқан. Қазір осы іске қатысты тексеріс басталды.

Тұтынушыларын сан соқтырып кеткен «Анмар» туристік компаниясы елордадағы бизнес орталықтарының бірінде орналасқан. Осындағы күзетшінің айтуынша, компания бірнеше күн бұрын есіктерін тарс жауып кетіп қалған.

Ғимараттың үшінші қабатынан қыбырлаған жанды көрмедік. Компания есігі біразға дейін жабық тұратын секілді. Астананың бірнеше тұрғыны өз демалыстарын Еуропада өткізуді осы турфирмаға тапсырыпты. Оның ішінде бүтін бір отбасы да бар екен. Чехияда емделуді жоспарлаған олар 900 мың теңге мен 7000 еуро қаражаттарынан қағылды.  

«Менің қорғауымдағылар бұл жағдайды алаяқтық деп бағалап отыр. Ал туристік компания тарапы бұл істі азаматтық-құқықтық қатынас деп қарауды сұрауда. Туристік компания жетекшісі әуе билеттерінің құнын толық төлеуді сұрап, қолдарына қағазға басып шығарылған билетті ұстатыпты. Қорғауымдағылар өзге тілде жазылған парақты түсінбей, оған мән бермеген», - деді  қорғаушы Болат КЕЛДІБЕКОВ.

Тәртіп сақшылары болса, үш тұрғыннан шағымның келіп түскенін айтуда. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр. Тіпті, алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс те қозғалған. Құрбандардың саны артуы мүмкін.

«Полицияға 3 азаматтан шағым келіп түсті. Келтірілген залалдың сомасы 10 миллионнан астам. Қазіргі таңда ҚР ҚК «алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Зардап шеккен азаматтар болса, полицияға келіп арыз жазуын сұраймыз», - деді ІІД ресми өкілі София ҚЫЛЫШБЕКОВА.

Кінәлі тарап анықталып, қылмыстары дәлелденсе, туристік компания басшысы 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал жәбір көрген туристер соттың болуын күтеді.

Азамат Әуезхан, Олжасбек Мәден, «Алматы» Телеарнасы Астанадан


Новости партнеров