Астанада 20 жұпты сан соқтырып кеткен мейрамхана әкімшісі қолға түсті

Астанада 20 жұпты сан соқтырып кеткен мейрамхана әкімшісі қолға түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада 20-ға жуық адамды сан соқтырып, ақшаларын алып кеткен мейрамхана әкімшісі қолға түсті. Полицейлер күдіктіге қатысты қазір тергеу амалдарын тағайындапты. Егер айыбы дәлелденсе, 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Анығы - ол қалтасына басқан қаражат көлемі 15 млн теңгеге жуықтапты. Тәртіп сақышлары күдіктінің құрбаны болғандар бұдан да көп болуы мүмкін, дейді.

Қали Әубәкіров шаңырақ көтеріп, отбасын құруды ұзақ уақыт күткен. Той өткізетін мейрамхананы арнайы таңдап, 250 жуық адамға шақырту билеттерін де үлестіріп қойыпты. Десе де, отбасы қапыда келеңсіз жайтқа тап болады. Мейрамхана әкімшісі олардың тойға деп жинаған 1 млн теңгесін алдын ала алып, ізінше тайып тұрған.  

«Өкінішке орай, мерейтойды өткізу уақытша тоқтатылды. Бірақ қазақ дәстүріне сай сырға салу, құдалық болады. Өйткені, ештеңеге қарамастан біздің жанұямыз осы өмірге қадам басып, алға жылжыйтындығына сенімдіміз», - деді қала тұрғыны Қали ӘУБӘКІРОВ.

Сан соғып қалған жігіт мейрамхана қызметкерінің үстінен полицияға дереу арыз жазады. Қолында барлық дәйегі бар. Ақшаны табыстамас бұрын, мейрамхана мөрі басылған бір тілім қағазды әкімшіден алып үлгерген.

«15 мамырда Сәбит деген администратордың қолына біз ақша ұстаттық. Келісім шарт бар. Заңға қайшы әрекет болса, ол үшін басшы да жауап беру керек», - деді қала тұрғыны Қали ӘУБӘКІРОВ.

Істің мән-жайын білмекке мейрамханаға барған едік. Бірақ мардымды сөз айтар ешкім табылмады. Мекеме басшысы орнында жоқ болып шықты.

Той бизнесінде жүрген мамандар, салтанатты шараны өткізу барысында оның қыр сырын жақсы  білетін қызметкерлердің көмегіне жүгінген абзал, дейді. Себебі, аталмыш мекеме қызметкерлері тойдың басынан аяғына дейін тік тұрып қызмет көрсетеді. Әрі, алаяқтық әрекетке бармайды екен.

«Менде осыдан біраз уақыт бұрын мейрамханалардың бірінде арт директор болып қызмет жасағанмын. Менеджердің шағын соманы жасырып, кассаға өткізбеген кездері болды. Мүмкін қаражат керек болған болар. Мұндай қадамға жастар барып жатады.Сондықтан мерекелік шараны өткізу барысында тәжірибесі бар мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс. Олар тойды басынан аяғына дейін өткізіп береді. Әрі барлығы ашық. Заңды түрде жүзеге асады», - деді той ұйымдастыру менеджері Жан МҰҚАНОВ.

Қали Әубәкіров әкімшіден зардап шеккен алғашқы адам емес екен. 3 айдың ішінде аузы күйгендер саны 20 жуықтапты. Барлығы дерлік Ішкі істер департаментіне шағым түсірген. Қазіргі таңда күдікті қолға түсіп, тергеу амалдары жүріп жатыр. Кінәсі делелденген жағдайда 7 жылға бас бостандығынан айырылмақ.

«Қазіргі таңда 31 жасар күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. ҚР қылмыстық кодексінің 190 бабы, яғни  алаяқтық бабымен тергеу жұмыстары жүріп жатыр», - деді Ішкі істер департаментінің ресми өкілі София ҚЫЛЫШБЕКОВА.

Қали Әубәкіров алдағы уақытта алаяқтың құрбаны болған өзге азаматтарды іздестіріп, баспасөз конференциясын өткізбек. Айтуынша, мейрамхана қызметкерінен бөлек, мекеме басшысы да жауапқа тартылуы тиіс.

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров