Астанада төрт баласымен далада қалған отбасы көмекке зәру. Осыдан бір апта бұрын Жәнібек Мәмбетовтың үйін өрт шалып, абырой болғанда, барлығы дін- аман қалған. Құжат, киім, жиһаздан тілсіз жау түк те қалдырмапты. Үй иесі «тығырықтан шығу үшін жұрт жұмыла демеу берсе», - дейді.
Тәп-тәуір тірліктің тас талқанын шығарған тілсіз жау осыдан бір апта бұрын таңертен тұтанған. Үйде інісімен ғана қалған 12 жасар Малика оқиғаны есіне алғысы келмейді. Өрттен есі шыққан қыз алдымен 2 жастағы інісін құтқаруды ғана ойлаған.
«Айнала қара түтін, көзімді ашытып барады. Сонда да, інімді іздей бастадым. Қол ұшыммен барлық жерді байқап, оны жылап отырған жерінде жуынатан бөлмеден бірақ таптым. Дереу сыртқы есікке жүгіргенде, оның сырттан құлттанғаны есіме түсті. Сосын ауа бар жер іздей бастадым. Сөйтіп, балконға інімді шығарып, өрт сөндірушілерді күттім», - деді Малика САПАРБАЕВА.
Дәл сол күні ата-анасы тағы бір ұлын операция жасатуға әкеткен көрінеді. Малика бірден анасына қоңырау шалған соң, әкесі өрт сөндірушілерді шақырған. Абырой болғанда отбасы мүшелері тегіс аман. Тек баспананың ішіндегі басқа жабдықтары түгелдей күлге айналған. Енді тіршілігін қайтадан түзету үшін көпшілік қолдау білдірсе деген тілек айтты.
«Қаражат керек болып жатыр. Жиһаз алу керек. Бәрін алу керек, киім алу керек. Бәрін енді қалпына келтіргенше, көмек қажет болып жатыр. Көмектесем деген кісілер болса, көмектесуге рұқсат», - деді Жәнібек МӘМБЕТОВ.
Көршілері үйді өрт шалғанда есіміз кетті, дейді. Іште қалған екі балаға жандары ашып, қолдан келгенше көмектеспек болған. Тіпті, балконға да өтуге әрекет жасағанмен мүмкіндік болмаған. Әзірге көршілер мен жақындары қолдарынан келгенше қолғабыс етіп жатыр.
«Көп түкірсе, көл дейді. Сол ақырын-ақырын енід киім-кешек, кім не бера алады, ақшаладай беріп жатыр. Тамақ, тіпті жиһаз берем деген кісілер бар. Жан-жақты көмек жасайық, қол ұшын созайық», - деді Гүлнәр АБАЙБЕКОВА.
Қазір отбасы қайырымды жандардың жалдап берген үйінде тұрып жатыр екен. Ал жөндеу жұмыстарына үйді көтерген құрылыс компаниясы мен жергілікті пәтер иелері кооперативі көмектесуге уәде берген. Бірақ жөндеу жұмыстарының өзі әзір бітпейді.
Нұржан Сәдірбай, Олжасбек Мәден, «Алматы» телеарнасы Астана