Тәртіп сақшыларының келбеті қандай болуы керек? Астанада бұл мақсатта тың жұмыстар басталып кетті. «Қоғамдық құқықтық тәртіп» жобасы арқылы полицейлердің моральдік келбетін өзгертіп, психологиялық дайындығын көтермек жауаптылар. Бұл пилоттық жобаға қалалық прокуратура, қала әкімдігі мен Назарбаев университеті мұрындық болып отыр.
10 жылдан аса уақытын құқыққорғау саласына арнаған Руслан Жолдыбаев тәртіп сақшысы ең алдымен өз жұмысына адал болу керектігін айтады. Әрине, өзі жұмысқа орналасқан кез бен қазіргі жағдайды салыстыруға келмейді. Бұрынғы милицияны үлгі тұтып, «Степа ағайға» қарап өскен маманның ойынша, ғылым мен техника дамыған заманда полиция қызметі еш өзгермеген.
«Тәртіп сақшысы ең алдымен адал және ел азаматтарын заң және құқықтық тұрғыдан қорғау қажет. Өз басын қауіпке тігіп, отандастарымыздың тыныштығы үшін қызмет етеді. Ол біздің парызымыз», - деді Астана қаласы ІІД арнайы дайындық басқармасының бөлім басшысы Руслан ЖОЛДЫБАЕВ.
Тәртіп сақшыларын стрестік жағдайдан шығуға, қылмескерлермен немесе азаматтармен байланысқа шыққанда өзін қалай ұстау керек? Бұл мақсатта Астананың бірнеше құзырлы орындары мұрындық болған «Қоғамдық құқықтық тәртіп» жобасын сынақтан өткізді. Бұл қанатқақты жоба арқылы полицейлердің моральдік келбеті қалыптасып, психологиялық дайындығы шыңдалмақ.
«Жобаға сәйкес, тәртіп сақшыларының психологиялық шыңдалуы көзделеді. Сонымен қатар, филология, риторика мен лингвистика бойынша арнайы дәріс алады. Өткен жылы жобаның екі кезеңі жүргізілді. Қазір сол жұмыстардың нәтижесін байқамақпыз. Алған дәрістерін тәжірибеде қолданып көреді», - деді Астана қалалық прокуратура басқармасының прокуроры Темір ТҰРСЫНБЕКОВ.
Аталмыш жоба өткен жылы тестілік режимде өткізілген. «Қоғамдық құқықтық тәртіп» жобасы негізінен екі кезеңді қамтиды. Бірі жоғарыда айтылған моральдік келбет хақында болса, екіншісі қаладағы қылмыс көп жасалатын арнайы картамен байланысты. Бұл кезең бойынша алдымен қаладағы жасалған қылмыстық немесе құқық бұзушылық көп орын алған аумақтарға статистикалық зерттеулер жүргізіледі және аталған мекен жайларда тәртіп күшейтіледі.