Қазақстан мен Қытай елдері арасында шешілмеген мәселе жоқ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аспан асты елінің төрағасымен кездесу барысында осылай деп мәлімдеді. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толғанын да айта кету керек. Ақордада өткен басқосуда Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин қазақ елімен бірге жеткен жетістіктерге тоқталды. 4 жыл көлемінде Елорданың адам танымастай өзгергенін айтып таңқалысын да жасырмады. Келелі кездесу туралы дәл қазір тікелей байланыста астаналық тілшіміз Азамат Әуезхан айтып беруге дайын. Азамат, қайырлы кеш! Мемлекет басшылары кездесуде қандай мәселелерді талқылады? Ширек ғасырда екі ел не атқарыпты және келешекке қандай жоспарлары бар?
Әлем назарын өзіне аудартқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында Ақордада келелі кездесу өтті. Осы күндері, айта кету керек, Елордамызға делегаттар мен қонақтар келіп жатыр. Олардың бірі аспан асты елінің төрағасы Си Цзиньпин. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, өткенді саралады, болашаққа бағдар жасады. 4 жылдың ішінде Астананың адам танымастай өзгергенін айтып, таңқалысын да жасырмады. Есте болса, Қытай Халық Республикасының төрағасы соңғы рет Қазақстанда 2013 болған еді. Бұл оның елімізге жасаған үшінші ресми іс-сапары.
«Бұл менің Астанаға жасаған үшінші сапарым. Таныстарыммен, достарыммен кездесіп отырмын. Өз үйімдей сезінем десем артық айтқаным емес. Соңғы 20 жылда Астанаға үлкен өзгерістер еніпті. Осыдан Қазақстанның әлеуетін байқауға болады. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан бұдан да биік белестерден көрінері сөзсіз»,- деді Қытай Халық Республикасының төрағасы, Си ЦЗИНЬПИН.
Қытай төрағасы мен Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынас пен қол жеткізілген жетістіктер легіне тоқталды. Елбасы аспан асты елімен достық қарым-қатынасты өзгелерге үлгі боларлықтай деп өз бағасын берді. Көрші мемлекетпен осы кезге дейін шекара мәселесі шешіліп, жан-жақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай кездесудің қаншалықты маңызды екенін, екі ел арасында шешілмеген мәселенің жоқтығын айтты.
«Біз халықаралық және аймақтық ұйымдарда: Біріккен ұлттар ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымында бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Сондай ұйымдардың бірі ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын айтуға болады. Күні ертең біз осы ұйымның тарихта қалатын жиынын өткізгелі отырмыз. Онда Үндістан мен Пәкістанның осы ұйымға кіру мәселесін қарастырамыз. Астана саммитінен кейін ұйымға төрағалық ету сіздің елге ауысады»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Мысал ретінде айта кетейін, бірнеше жылдың көлемінде Қазақстан аумағы арқылы 1500 шақырымды құрайтын темір жол салынды. Ол Батыс Қытайды Каспиймен және Еуропамен байланыстырады. Ал 25 жыл көлемінде еліміз арқылы 100 миллион тоннадан аса мұнай, 180 миллиард текше метрден асатын көгілдір отын жеткізіліпті. Қытай елінің берген мәліметі бойынша, тауар айналымы 46 пайызға өскен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 30 пайызды құрап отыр.
«Осы жылдар аралығында Қытай біз үшін ірі инвесторлардың бірі болғанын айту керек. Дағдарыс уақытында тығыз байланыста болдық. Сауда, ауылшаруашылығы өнімдері: ұн, май, бал секілді азық-түлік өнідірісінде серіктестікті одан әрі дамытпақ ойдамыз",- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Қытай Қазақстан үшін ірі сауда серіктесі болып қала бермек. Ал біздің мемлекет аспан асты елі үшін ТМД елдері арасындағы екінші мемлекет. Айта кетейік, Си Цзиньпиннің қазақ еліне жасаған мемлекеттік іс-сапары 10 маусымға дейін жалғасады. Қытай Халық Республикасының төрағасы Астанадағы ЭКСПО-2017 шарасы аясында өтетін 17-нші Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатыспақ. Мендегі ақпарат әзірге осы, Ануар.
Рахмет Азамат. Ал, хабарымзды өзге жаңалықтармен жалғастырсақ.