Ақшаны оңды-солды шашқан банктер енді лицензиясынан қағылуы мүмкін. Елбасы қаражатты тиімсіз жұмсайтын қаржы институттарының жұмысын тоқтату керектігін жауаптыларға тапсырды. Қос палатаның бірлескен отырысын ашып берген мемлекет басшысы, бұдан бөлек, бірнеше министрлерге нақты тапсырмаларды жүктеді. Тіпті біразын сыбап та алды.
Бұл әзірге Елбасының Үкімет пен депутаттарға жасаған ұсынысы. Мемлекет басшысы шамына тиген бұл мәселені қарауда жауаптыларға мұқият болуды тапсырды. Айтуынша, ақшаны оңды-солды шашқан банктердің рұқсатнамасын алып қою қажет. Бірақ әзірге бас қаржылық реттеуші орынның мұндай құдіреті жоқ.
«Ұлттық банктің көрегенділікпен жұмыс істеу керектігін уақыт көрсетті. Сәйкесінше, оған қаржы мекемелеріне бақылау жасайтын заңды тұрғыда құзырет беру қажет. Өйткені Ұлттық банк әр қадамға бақылау жасамады. Басқа банктер ақшаны шашып жатқанда құзырлылар мен Ұлттық банк не істеді? Олар сенімсіз жерге ақша құйғанда қандай шара қолданды? Сол себепті әр банкке қатаң бақылау жасайтын құқық беруіміз қажет. Жаза басса, сол қаржылық мекеменің жұмысын тоқтатып, рұқсатнамасын жою қажеттілігі туындап отыр. Мен депутаттарға осы тұсты ерекше назарға алуды тапсырамын», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Өз кезегінде, мемлекет басшысы премьер-министрдің жаңа екі орынбасарын тағайындау туралы түсіндіріп, керексіз жеңілдіктерден арылу керектігін тағы бір еске салды. Айтуынша, ел азаматтары Үкіметпен қабылданған шешімдер туралы хабардар болып отыру керек. Осы ретте, төменгі және жоғарғы палата депутаттарына өз құзыреттері шегінде белсенділік танытуға шақырды.
Екі жарым миллионнан астам қазақстандық медициналық сақтандырылмаған. Қазір қорға қаражат құйылып жатқан тұста шешімін таппаған мәселер бар көрінеді. Елбасы алдымен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға көрсетіліп жатқан көмек туралы айтты. Жұмыссыздарға кәсібін дөңгелету үшін шағын несие беріледі. Одан қалды басқа мамандыққа қайта оқытады. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір 3 миллионға жуық өз-өзін қамтыған азаматтарды медициналық сақтандыру шет айналып отыр.
«Денсаулық сақтау министрі, менің айтқаным рас па, жоқ па? Мұндай сұрақтар бола тұра, медициналық сақтандыруға көшеміз деп қалай айтуға болады? Сонда бірін сақтандырып, екіншісіне төлейік деп айтамыз ба? Біреу тегін қызмет алып жатса, мен неге төлеуім керек деген сұрақ туындамай ма? Шешу керек! Дұрыс шешімге келгенде, сіздермен, парламентпен қабылдаймыз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Су, жылу жүйелерін жаңартуға қаражат көп кететіні белгілі. Осы ретте инвесторлар көмекке келеді. Бірақ Тұрғын үй шаруашылығы туралы заңға өзгерістер енгізгеннен кейін ғана. Салыстыра сөйлесек, көрші Ресейде бізге қарағанда коммуналдық төлемдер 4 есеге жоғары екен. Бұл халықтың төлем қабілетіне қарай орайластырған бағасы. Шарықтаған бағаны халықтың алатын шайлығына сәйкестендіру керектігін ұсынды мемлекет басшысы. Сонда ғана жылдап жиналған қарыздар жойылады.
«Біз егер тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы тарифін көтермесек, инвестор да келмейді. Олар келгенде алдымен, электр қуатын қаншадан сатамын деп келеді. Одан қорқудың қажеті жоқ. Басымыздан өткердік. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда аз қамтылған отбасыларға көмек те көрсеттік. Үкімет бұл мәселеге тыңғылықты қарайтын болса, шешуге болады. Өйткені, еліміздегі электр қуаты ТМД елдеріндегі ең арзаны», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Ел әлеуетін, мүмкіндігін көрсеткен ЭКСПО-2017 шарасы Қазақстан үшін маңызды. Осыған дейін, көрме үшін салынған ғимараттарды қалай пайдалану керектігі туралы ел арасында түрлі әңгіме де пайда болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қауесеттерге нүкте қойды. Көрме аяқталған соң, ол жерде Халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастайды. Ол үшін барлық жағдай жасалған, тіпті Конституцияға да өзгерістер енгізіліпті. Ал ЭКСПО-2017 көрмесінің басшысы Ахметжан Есімов пен «Астана» халықаралық қаржы ұйымының басшысы Қайрат Келімбетов өз қызметтерін әрі қарай жалғастыратын болады.