Алматыдағы радиолардың біріне ұры түсті

Алматыдағы радиолардың біріне ұры түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы радиолардың біріне ұры түсті. Күдіктілер құны 2 млн теңгеге жуықтайтын құрал-жабдықтарды үптеп кеткен. Қаскөйлер қаланың қақ ортасында орналасқан қос қабатты ғимараттың ішіне терезе арқылы кіріпті. Қолының сұғанағы барлар бұл іске мықты дайындықпен келгені анық байқалады. Өйткені, олар темірмен қоршалмаған бөлмені таңдаған.

Ұрылар таңғы сағат 5-тер шамасында мына терезе арқылы түсіп, бар болғаны 7 минуттың ішінде құнды дауыс жазатын техникаларды үптеп кеткен. Ал олардың тірлігі мынандай бейнебақылау айдан анық жазылып қалыпты. 

Ең қызығы - ұры қосулы тұрған бұл бейне жазатын құралды тоқтан суырмапты. Қайта түзеп қойып, өзін түсіруге кедергі жасамаған. Ал бұл жазба бірден радио басшысының ұялы телефонына келген. Камерадан ұрының жас жігіт екендігі анық көрінеді. Ол аспай-саспай бөлмедегі дауыс жазатын құралдарды әрі-бері ақтарып жүр. Осыдан оның бөлме туралы жақсы білетіні байқалады. Ұры кейін керектілерін тапқан соң, тайып тұрады. Қасында барымташының сыбайласы болуы мүмкін. Ал күзетшілер кінәні өздерінен іздемейді.

Сөйтіп күзетшілер бірден оқиға орнына тәртіп сақшыларын шақыртқан. Қазір осы іске қатысты "Ұрлық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Радио ғимараттың қос бөлмесін жалға алады екен. Енді жәбірленушілер кінәні ұрылардан бұрын, қауіпсіздікке бей-жай қараған күзетшілерді де іздеп отыр. Өйткені, бөлмені жалға алушылар ғимараттың иесі темір тор қойып бермеді дейді. Істің ақ қарасын енді полиция анықтайды. 

«Қазір біреуді кінәлі, шығынды өтесін дей алмаймын. Негізі жас жігіттер бұл құралдарды той-томалақ түсіру үшін  ұрлауы мүмкін. Бір-біріне оңай жалғанатын 3 микрофон мен дауыс ұлғайтқыш мерекелік шара өткізуге жарайды. Немесе базарда да бұл қажетті құралдар тез өтіп кетеді. Былтыр сатып алған кезде қымбатын таңдап алған едік. Шығын шамамен 2 млн теңгеге жуық»,- деді Қоғамдық радио басшысы, Шавкат САБИРОВ.

Радио қайырымды жандардан қаражат тапса көрермендеріне қайта оралуды көздейді. Өйткені, ұрыны тапқанша біраз уақыт кетеді деп отыр.  

Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров