4 баланы патронаттық тәрбиеге алған Зейнеп Шакирганова отбасымен далада қалуы ықтимал. 2013 жылы жаз мезгілінде 3 бөлмелі үйге көшіп кірген әйелді сот орындаушылары бірнеше жылдан бері үйден шығаруға тырысып келеді екен. Заң өкілдерінің сөзіне сенсек, отбасы аталмыш үйде заңсыз тұрып келеді. Ал, Зейнеп апай баспананы заңды түрде аукцион арқылы сатып алғанын алға тартып отыр.
Зейнетақы жасына келген Зейнеп Шакирганова қараусыз қалған төрт баланы бауырына басып, патронаттық тәрбиеге алады. Оның біреуі белгілі болғандай өз немересі екен. Ең кішісіне «церебралды паралич» деген диагноз қойылыпты.
«Мына балаларды өз қамқорлығыма алғанмын. Ең кішісінің денсаулығы жоқ. Оған үздіксіз ем қажет. Туылған кезде мен оны ауруханадан алып кеткен болатынмын. Осы уақытқа дейін күтіп келемін. Әр балаға орташа есеппен 17 000 теңге көлемінде жәрдемақы аламыз», - деді қала тұрғыны Зейнеп ШАКИРГАНОВА.
Баланың күйігі аздай, енді бізден баспананы тартып алмақшы деп мұңын шақты Зейнеп апай. Оның айтуынша, үйді ол заңды түрде аукцион арқылы сатып алған. Дегенмен де 2014 жылы шыққан соттың шешімі бойынша, отбасы баспана да заңсыз тұрып келеді.
«Мен бұл пәтерді аукционнан сатып алғам. Неге дейсіз ғой. Маған бір әйел пәтер алып беремін деп алғаш кезде қомақты қаржы алған болатын. Бірақ артынан баспанасыз қалатынымды сезіп, ақшамды қайтарып алдым. Кейін аукционға қатыстым. Бірақ сатылымға менен басқа өзге ешкім қатыспағандықтан, үйді 20 пайыз жеңілдікпен алған болатынмын. Барлық органдардың шешімі де бар. Барлық құжат бар. Бізге тиіспеулері керек. Мен мына бала-шағамен қайда барамын? Осылар үшін алаңдаймын», - деді қала тұрғыны Зейнеп ШАКИРГАНОВА.
Істің мән-жайын анықтай келе, аталмыш баспананың өзге егесі бар екені анықталды. Демек, Зейнеп Шакирганова көшіп келердің алдында, мұнда басқа азаматша тұрыпты. Ол көз жұмғаннан кейін, артында 3 баласы қалған. Олар кәмелеттік жасқа толмағандықтан екінші тараптың туыстары соттың шешімімен зейнеткердің баспананы босатуын талап етіп отырған көрінеді.
«Григоридің әкесі қайтыс болғаннан кейін, менің балам оны өз қамқорына алған болатын. Бүгінгі таңда осы баспана Григори мен өзге екі әпкесінікі. Бірақ өкішішке орай, екі қыз Ресейде. Інілері біздің қолымызда. Сондықтан біз оның құқығын қорғауға міндеттіміз. Үйді Зейнеп Шакирганова заңсыз иемденіп отыр. Заңды иелері тұрғанда босатуы тиіс деп ойлаймын. Мінеки, бірнеше жыл болды, сенделтіп қойды бізді. Біз де қажетті құжаттар қолымызда бар», - деді қала тұрғыны Елена КОМАРОВА.
Істің ақ-қарасын анықтаған сот орындары баспананы босату туралы шешім қабылдаған. 2014 жылдан бері қолға алынған іс әлі күнге дейін жалғасып келеді екен.
«Қазіргі уақытта Зейнеп Шагирханова сот шешімін орындаудан бас тартып отыр. Сот шешімімен келіспеймін дейді. Сот шешімі бойынша күшіне енген. Зейнеп Шагирханова апелляция түрінде сот шешіміне қарсылық көрсетіп, шағым түсіріп, Жоғары сотқа берген. Қазіргі уақытта Жоғары сот оны балаларымен үйді босату туралы қаулыны күшінде қалдырды», - деді Мемлекеттік сот орындаушы Ердаулет БОЛЫСБЕК.
Зейнеп Шагирханова мен асыранды балалардың мәселесі жақында шешілмек. Сот орындаушылардың сөзіне сенсек, осы жұма күні олар үйді босатулары тиіс. Істің мән-жайы біздің назарымызда болмақ.
Назым Мәлікқызы, Қобыланды Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан