Атлетикалық ауылдан баспана бұйырғандарға пәтерлері таныстырылды

29.03.2017 16:22

Атлетикалық ауылдан баспана бұйырғандарға пәтерлері таныстырылды. 170 отбасы алдағы айда су жаңа жайларына жайғаспақ. Пәтер иелері сапалы салынған үйлерді аралап, мұндай қонысқа ие болғандарына дән-риза екендіктерін жеткізді. Атлетикалық ауылдағы тұрғын үй кешендеріне қоныстанатындардың арасында көп балалы отбасылар, бюджеттік ұйымдардың мамандары мен мемлекеттік қызметкерлер бар.

Құлынбетовтар отбасы үшін биылғы жыл олжалы басталды. Олар 6 жыл бойы сарыла күткен үйлеріне биыл міне қол жеткізіп отыр. Өзі дәнекерлеуші, ал әйелі аспаз. Осыған дейін, 6 баласын арқалап, жалдамалы тамдарда күнелтіп келді. Бірақ, жыртық үйдің жамауы барын дәлелдеді олар.                                   

¤Атлетикалық ауылдағы пәтерлердің үлестірілетінін естіген отбасы - тез арада тиісті құжаттарды жинаған. Төлем қабілеттері расталып, оларға екі бөлмелі үй берілетін болып шешіліпті. Қазір олар үйді жалдау арқылы сатып алу құқығын иемденді. Енді екі бөлмелі пәтер үшін ай сайын 60 мың теңге төлем жасап отырады. 

«6 жыл болды осы көп балалы ана деп осы әйелімнің атынан документ тапсырғанбыз. Жаңа жылдың алдында проект шығып, тапсырғанбыз «Нұрлы жол» бағдарламасына, содан бізге хабарласып, пәтер беріледі деп.  Осында келдік біз, ол оңай емес енді, үш ай күттік»,- деді Пәтер иесі, Айдарбек ҚҰЛЫНБЕТОВТАР.  

Ал қаладағы балалақшалардың бірінде тәрбиеші қызметін атқарып жүрген Ақерке Нұрдәулетқызы, өзгелер сынды баспаналы болуды бұрыннан армандап келген. 2 баланың анасы ақыры мұратына жетіп, кенеттен олжаға кенелгеніне қуанды.

«Мінекей үш бөлмелі пәтерге жетіп отырмыз. Енді бұл жерде өзімнің асханам, жеке өзіме ұнаған әр заттарды жасай аламын. Шынында да арманымның бірі орындалғандай болды. Жолдасымыз екеуіміз осы үйді қанша армандадық. Осындай үйге жетсек екен деп, сондай мақсатпен кезекке тұрдық. Оны да шыдамдылықпен көп күттік. Шыдаған адамға шынында да Алла береді екен»,- деді Пәтер иесі, Ақерке ЕСЕНОВА. 

Өз үйім - өлең төсегім. Жаңа, жайлы және ең бастысы сапалы салынған пәтерлерге үй қожайындары алдағы бір айда қоныстанатын болады. Қазір алғашқы болып 170 пәтердің тұрғындары қоныс тойын тойлауға дайын тұр. Ауданның болашағы да жарқын болмақ.

Атлетикалық ауылдағы бұл үйлер Универсиадаға арнап арнайы салынған. Кейін, шаһар басшылығы дүбірлі додадан кейін, 1700-ден аса пәтерді кезекте тұрғандарға үлестіріп беруді ұйғарды. Оның ішінде бір бөлмелі - 996, екі бөлмелі - 560 және үш бөлмелі 200-ге жуық пәтер бар.  

«Бұл пәтерлерді мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, көп балалы аналар, толық емес отбасылар, жетім балалар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, тәрбиешілер, мұғалімдер, кітапханашылар сияқты тұлғалар ала алады. Сондай-ақ, мұнда халыққа қызмет көрсету орталығы, банк бөлімшелері, емхана, кеңселер, азық-түлік маркеттері болады. Тіпті мұнда спортпен шұғылдану үшін арнайы алаң да бар»,- деді Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары, Тимур ӘБІЛОВ.  

Тұрғын жай сатып алу мүмкіндігімен жалға беріледі. Пәтердің бір шаршы метр құны - 1036 теңге. Ал, ертең пәтерлерді тарату жұмыстарының екінші кезеңі басталады. Ол үшін 29 наурыздан бастап 4 сәуірге дейін үй кезегінде тұрған азаматтар құжаттарын электрондық үкімет порталына жолдаса болады.

 Назкен Байтілес, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы