Алматының Бостандық ауданында кеміргіштермен күрес жалғасуда. Әсіресе, қаптап кеткен тышқандардан «Ботаникалық бақ» ықшам ауданының тұрғындары зардап шегуде. Олар қалалық дезинфекция орталығына хабарласып, көмек те сұраған. Сөйтсе, қауіпті індет жұқтыратын кеміргіштердің көбейіп кетуіне бос жатқан 2 гектар жерге тасталған қоқыс себеп болған. Кеміргіштермен күрес жүргізу үшін 50 келі дәрі-дәрмек пайдаланылған. Дезинфекция орталығынан 2 бригада жұмылдырылды. Аудан бойынша барлығы осындай 5 жұмыс тобы жұмыс жасауда. У 3-4 күнде өз әсерін береді дейді мамандар.
«Бұл аймақтың жекеменшік екені белгілі болды. Негізінен, жекеменшік аймақтар учаске иелерінің жеке қаражатынан тазартудан өту керек. Бірақ жақын маңдағы тұрғындардың наразылық білдіруіне байланысты бұл істі біз дератизациялық фирманың қаражатына жүргіздік. Алдымен, қоқысты тазаладық. Бұл аймақ қоршалмағандықтан, қаңырап бос жатқандықтан әрине, мұнда қоқыс-қалдық жиналады», - деді Алматы қаласы Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім жетекшісі Саят ҚАУМЕТБАЕВ.