Астана қалың қар құрсауында қалды. Жұмысқа ағылған жұрт
таң алакеуімнен көлік кептелісіне тап болды. Тіптен Үкімет отырысы да
әдеттегі уақытынан кешігіп басталды. Жолдардың қардан тазартылмағанына
Бақытжан Сағынтаев наразы болып, қала әкіміне ескерту жасады. Астана
әкімі қар тазалау жұмыстарын түнгі сағат екіден бастап жүргізіп жатырмыз
деп ақталумен болды. Бұл мақсатта 369 арнайы көлік жұмылдырылыпты.
Үкімет отырысына асыға кірген шенділер жиналысты кеш бастауларына тура
келді. Барлығына себеп түнде тоқтаусыз жауған қар. Кесірінен бір
тәулікте 100-ге жуық жол көлік оқиғасы тіркелген. Министрлердің кешігіп
кіргеніне нала болған Сағынтаев Исекешовке ескерту жасады осылайша.
Жағдайды дереу түзетуге тапсырма берді. Жиналғандар назарын бұрған басты
мәселе инвестиция тарту енді елшілерге міндеттеледі. Жалпы6 еліміздегі
бизнес климаттың жақсаруына олар бейжай қарамауы тиіс. Сұрау қатаң
болады.
"Мемлекет басшысы барлық елшілердің жұмысы елге инвестиция тартуға
бағытталуы қажет екендігіне назар аударды. Бұл олар үшін бірінші
кезектегі міндет. Сондықтан елшілерден сұрау да қатаң болады. Олардан
қай елден қашна инвестиция тартқаны маңызды болады",- деді ҚР
премьер-министрі, Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Үкіметте сібір жарасына қарсы сатып алынған вакцинаның сапасыз болып
шыққаны да сөз етілді. Тіпті құрамы тек қара судан тұрғаны анықталған.
Биыл тамыз айында екпенің сапасын тексеру үшін Украина мен Эфиопияға
жөнелтілген еді. Сараптама нәтижесі сынамалардағы олқылықтарды бірден
анықтаған. Қазір сапасыз вакцина шығарған өндірушілердің лицензиясын
алып қою тетігі қаралмақшы. Салыстыра кетсек, бүгінде, лицензия мерзімі
шектелмеген, оны қайтарып алу шарттары да реттелмепті.
"Жалпы осы Сібір жарасына қатысты аумақтық инспекцияның, жергілікті
атқарушы органдардан ветеринариялық сала мамандарынан 5 адам жұмыстан
босатылды. 5 адамға сөгіс жарияланды. 1 милллоннның көлемінде айыппұл
салынды",- деді ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті
төрағасының міндетін атқарушы, Тұрсын ҚАБДҰЛДАНОВ.
Өткен бейсенбіде «Саран» шахтасында көз жұмған кеншілерге өтемақы
берілетін болды. Жылдық жалақысын он еселеген сомада. Қапыда
отағасыларынан айырылған отбасыларға Үкімет мейлінше қолдау көрсетпекші.
Арнайы комиссия құрылды. Естеріңізге сала кетейік, 10 қарашада
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Саран» шахтасында қайғылы
оқиғадан, 4 кенші қайтыс болған.
Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, "Алматы" телеарнасы Астанадан
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыз, жаңа басылымдарды жіберіп алмау үшін