Алматыда Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына арналған велошеру өтті

06.06.2017 16:12

Мемлекеттік рәміздер күні аудандарда жекелей тойланды. Дәстүр бойынша мыңдаған тұрғын таңмен таласа жексенбілік велошеруге қатысты. "Нұрлы тау" бизнес орталығынан басталған шеру Тұңғыш Президент саябағында аяқталды.

Мыңдаған алматылық Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына арналған велошеруге ерекше дайындалған. Еліміздің қайталанбас ғаламат бейнесін айшықтайтын нышандарды құрметтейді өйткені. Дүйім жұрт белгіленген уақыттан кешікпей шеруді тура сағат 9:00-де бастап кетті. Спорттық шараға жасы да, жасамысы да қатысты.

¤Велошеруден кейін жиналғандар мектеп оқушыларының флешмобын тамашалады. Мыңнан аса қыз бен жігіт алдымен елімізде тату-тәтті тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің биін биледі. Акция соңында балалар әуеге еліміздің көк туымен түстес шарлар ұшырды. 

«Біздің ауданымыздың мектептері, балалары бәрі бір отбасының балалары сияқты  ортаға шығып, біздің мемлекеттік рәміздерімізді халыққа, оның ішінде мынау жас ұрпақтарға соларға біздің мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы біздің мемлекетімізді сүю үшін, осы біздің мемлекеттік рәміздерді құрметтеу үшін соған біздің іс-шарамыз арналып отыр»,- деді Бостандық ауданы әкімінің орынбасары, Саят АҒЫБАЕВ.

Қаладағы әуежай мен темір жол вокзалында да мерекелік көңіл күй сезіліп тұрды. Елу шақты студент ұлттық «Қара Жорға» биін, кейін заманауи хип-хоп билеп, жолаушыларды тәнті етті.   

«ҚР рәміздеріне 25 жыл толуымен барша қазақстандықтарды құттықтаймыз. Бұл флешмобты барша қазақстандықтарға арнаймыз. Біз студенттер осы флешмобқа 2 апта дайындалып, қазір 50 студент билеп жатырмыз»,- деді Студент, Гүлдана СӘМЕНОВА.

Флешмобтан бөлек жастар тағы ерекше шара ұйымдастырған. Арбатта студенттер өткен-кеткен тұрғындарға мемлекеттік рәміздердің тарихын айтып берді. Сондай-ақ, елтаңба, ту мен әнұран авторлары жазылған қағаздар таратты. 

«Алматы қаласында барлық аудандарда арнайы флешмобтар, акциялар өткізіліп жатыр. Енді Алматының орталығында арбатта біздің «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері осы арнайы флешмоб акция өткізді»,- деді Қалалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы, Мәди АХМЕТОВ.¤

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы