Алматының Первомайка көшесінің тұрғындары күлімсі иістен құтылар емес

14.04.2017 15:42

Күлімсі иіс қолқаны қабады. Жетісу ауданына қарасты Первомайка көшесі тұрғындарында айтар уәж көп. Айтуларынша, мал бордақылаумен айналысатын көршіміз санитарлық норманы мүлдем сақтамайды. Тіпті, үйіндегі төрт түлікті тиісті қасапханада емес, заңсыз ауласында соятын көрінеді. Шағымданушылардың сөздерінше, жергілікті әкімдік пен құзырлы орган қызметкерлеріне 1998 жылдан бері арызданып келсекте сиырқұйымшақтанып кеткенін арнамыздың тілшілеріне жеткізді. Мәселенің мән-жайын әріптесім Нұрсейіт Жылқышбай көріп қайтқан еді.

Жетісу ауданы Первомайка көшесі бойында тұратын тұрғындар мына тау болып үйілген малдың көңінен әбден мезі болған. Әсіресе, көктемнен бастап күз келгенге дейін бұл  маңнан өту мүмкін емес. Салқын түспей саф ауаны сезінбейміз дейді. Заңға сәйкес санитарлық норманы мүлдем сақтамай отырған нөмірі 31 үйдің иесі  Бейбіт Аязбаева. 19 жылдан бері талай әкімдіктің табалдырығын аттаған көршілер нәтиже шығара алмапты. 

«Айтады келген адам келе берсін ақшасын береміз де жібереміз дейді. Бізге тазалық керек. Мына жолдың бойымен жүру мүмкін емес. Күн ысыса болды қидың иісінен тұншығамыз. Есік тереземізді жұрт құсап ашқымыз келеді»,- деді Қала тұрғыны, Айгүл СҰЛТАНБАЕВА. 

Ата кәсіппен айналысқанымен тазалықты сақтамайтын Аязбаевтар отбасына Первомайка көшесінің тұрғындары талай жерге арыз-шағымдарын жазған. Тіпті, бұл іске қатысты экологиялық полиция мен прокуратураға да арызданған.  

«Заңды қыстырмайды. Шағымданбаған жеріміз жоқ. Жетісу ауданы әкімдігі, прокуратураға да ешқандай 1998 жылдан бері өзгеріс жоқ. Бұл мал бағатындардың сөздерінше, жоғарғы прокуратураға да шағымданыңдар бізге ештеңе істей алмайды деп отыр»,- деді Қала тұрғыны, Фариза ЕМИНОВА. 

Көршілерінің арыз шағымына Бейбіт Аязбаеваның да берер жауабы бар. Айтуынша, жан бағу үшін мал асырайтыным рас деп отыр. Ал, жергілікті билік бұл мәселені алдағы уақытта қатаң назарда ұстайтындықтарын жеткізді. 

«Мал бағатыным рас. Екі сиырым, бір жылқым бар. Өз тіршілігімді өзім жасап жатырмын. Көршілерімнің мазасын алып жатқан жоқпын. Көршілеріме барып мазасын алып жатқан жоқпын»,- деді Қала тұрғыны, Бейбіт АЯЗБАЕВА.

«Мен бұл мәселені қазір естіп тұрмын. Бізге ешкімде шағымданбады. Первомайка көшесін тексеретін боламыз. Қазір мен адамдарымды жіберемін. Осыған қатысты экология полиция мамандары да барады»,- деді Жетісу ауданының әкімі, Талғат РАЗАҚОВ. 

Атқа мінерлер санитарлық норманы сақтамайтын тұрғынның  мәселесін журналистерден енді естігеніне аң-таң. Алайда, Жетісу ауданының әкімі Талғат Көшенұлы бұл мәселені назардан тыс қалдырмайтындығына жұртшылық сенімді. Ең бастысы он тоғыз жылда шешілмеген мәселе бір күннің ішінде шешімін тауып кетуі бірғана уақыттың  еншісінде.