Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында 80 жылдан бері қойылмаған, әлемге әйгілі «Коппелия» туындысы көрерменге жол тартты. Елімізде әлем классикасының үлгісін қазақстандық балетмейстер Гүлжан Түткібаева қойды.
Қалың қызыл мақпалдан жасалған сахна шымылдығы сырғып ашылып, сиқырлы скрипка үні көрерменді бірден баурап әкетті. Ортағасырлық неміс қалашығының алаңында қуыршақ шебері Коппелиус және бас кейіпкер Франц есімді жігіт өнер қойды. Көрсетілімге ұзын-ырғасы 40-қа жуық адам қатысты.
Аталмыш ертегідегі басты партияларды Асқаровтар жұбы орындады. Бұл олардың шығармашылық жолындағы бірлесе жасаған тұңғыш қойылымдары.
«Өзімнің жұбайыммен қойылымдағы басты партияларды орындадым. Дайындық кезінде де бір-бірімізді түсіну оңай болды. Құдды бір өзіміздің жеке балет тіліміз пайда болғандай. Екеуіміз бір-бірімізді бірден түсінеміз»,- деді Балет бишісі, Азамат АСҚАРОВ.
Артистердің өзі: «Коппелия» қойылымында түрмен де, қимылмен де жұмыс жасауға мүмкіндік алдық» - дейді. Туындыда көптеген пантомимдік орындаулар болды.
«Бұл нағыз менің қойылымым екенін жүрегім сезді. Өйткені, менің мінезім де дәл сол туындыдағы Сванильдаға ұқсайды. Сол себепті де шығарманы орындау мен үшін қиынға соқпады»,- деді Балет бишісі, Әсел АСҚАРОВА.
Отандық мамандар араласуының арқасында қойылым жаңаша түрленген. Онда классикалық және неоклассикалық хареография үйлесім тауыпты. Туындының қазақстандық сахнаға оралуына бірден-бір септігін тигізген адам - Ресейдің халық суретшісі Вячеслав Окунев. Шығарманың сценография авторы да, костюм бойынша суретшісі де өзі.
«Соңғы кездері біз өз репертуарымызды қарап, оны саралап шықтық. Сөйтсек, шығармашылығымызда үлкендермен қатар, кішкентай көрермендер де тамашалайтын қойылымымыз аз екен. Ол «Шерткіш» (Щелкунчик), «Ұйқыдағы ару» және тағы басқалары. Сондықтан «Коппелия» отбасымен бірге көретін қойылым болады деп шештік. Туынды ересектерге де қызық болады, онда әзіл де бар, қойылым өте жеңіл қабылданады, мағынасы да терең»,- деді Қоюшы-балетмейстер, Гүлжан ТҮТКІБАЕВА.
Театрдың балет репертуары алуан түрлі және сан қырлы. Туынды жеңіл қабылданады. Осы маусымның алғашқы көрсетілімі халықтың көңілінен шықты.
Керемет көрсетілім. Балерундардың биінен тамаша әсер алдық. Бас кейіпкердің қимыл-қозғалысы қандай?! Сондай шынайы қойылым болды. Жұртшылық туындыдан үлкен ляззат алды деп сенемін.
Келесі маусымнан бастап Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының репертуары әлемдік классикалық туындымен толығады. "Коппелия" - тұрақты түрде көрермен назарына ұсынылады.
Перизат Көмекбайқызы, Сая Меңдеке, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы