Астанада зейнеткерлер мен тұрмысы төмен жандарға тегін нан таратылды. Әлеуметтік аз қамтылған топтарды қолдауға арналған бұл тектес шараны елордадағы қайырымдық қорларының бірі ұйымдастырыпты. Бұл бастама әзірге екі дүкенде қолға алынған. Бірақ жауаптылар мұны сауапты істің басы ғана деп отыр.
Өмірін металл өңдеу саласына арнаған Нина Дятлова қазір зейнет жасында. «Ескінің адамы» өмірге кінә тағудан адамын дейді. Бірақ қаражаты қажетті заттар алуға жете бермейтін көрінеді. Оның үстіне күнделікті ішіп-жейтін асы тағы бар. Үнемшіл болуға тура келеді дейді. Нанды тарату акциясы қарт ана үшін нағыз қуаныш болған секілді.
«Осы шараны ұйымдастырғандарға құдайым денсаулық берсін! Бізге жұмсаған қаражаттары, өздеріне екі есе болып қайтсын! Өте разы болып тұрмын. Барлық кәсіпкерлерге айтқым келеді. Жақсылық жасаңыздар, сонда ол сізге бірнеше есе болып қайтып келеді. Зейнеткерлерге көмектесіңіздер. Біз өз заманымызда қала, зауыт салдық. Енді бізге қарайласып жатқандарға алығысымыз шексіз», - деді зейнеткер Нина ДЯТЛОВА.
Белсенділер алдымен күніне 30 бөлке наннан таратуды жоспарлап отыр. Қайырымды жандар ас атасын тегін тарату орындарын көқбейтпек.
«Біз алдымен сатып аламыз, сонан соң сөреге қоямыз. Көбінесе ардагерлер, зейнеткерлер мен жағдайы төмен адамдар алады. Қазір біздің жоспарымызда Астана қаласы аумағы бойынша осындай нүктелерімізді ашсақ дейміз. Сонымен қатар, кез келген адам бір зат сатып алып, «мейірімді нан» шарасының қатысушысы бола алады. Бірі жарма қойса, енді бірі жеміс-жидек қойып жатады. Қалада мейірімді жандар өте көп. Олар 2-3 нан алса, соның бірін осы сөреге қалдырып кетеді», - деді қайырымдылық қорының өкілі Дина БОРАНБАЕВА.
Шара аясында елордалық еріктілер сал ауруына шалдыққан балаларға арба да сыйлады. Науқас балалардың ата-аналары берген арбаға ризашылықтарын білдіріп, өте ыңғайлы, жайлы екенін айтып, жүрекжаржы тілегін жеткізді.
«Менің балам туғаннан бері жүре алмайды, тек еңбектейді. Бүгін өте қуанышты күн біз үшін. Біздің әбден тозған, ескі арбамыз болған еді. Үйде де, далада да сол арбамен жүретінбіз. Ал бүгін су жаңа арба сыйлады. Жақсылық жасаған жандарға алғысымыз шексіз», - деді қала тұрғыны Сәулегүл ТӨЛЕНОВА.
Жаңа арбаға ие болған балалар енді Елордада да емін-еркін қыдырып жүре алады. Өйткені қала әкімі жыл аяғына дейін барлық қоғамдық орындар мен нысандарды мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы етіп жасауға тапсырма берген болатын.
Азамат Әуезхан, Қобылан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан