Алматыда спортшы қызды өзімен ертіп тауға қашқан жігіт, өзенге құлап мерт болды

26.07.2017 14:50

Тауға барып өлім құшты. Алматыда 16 жастағы спортшы қызды өзімен ертіп тауға қашқан жігіт, өзенге құлап мерт болды. Тәртіп сақшыларының сөзінше, жігіт осыдан бір күн бұрын өзінің туысын пышақтап, қомақты қаражатын қолды қылыпты. Қазір полицейлер жайттың жай-жапсарын анықтап жатыр.

Күні кеше Алматыда семсерлесуден спорт шебері Анастасия Смирнованың жоғалғандығы туралы хабар желдей ескен еді. 16 жасар қыздың із-түссіз кеткенін естіп, оны іздеуге еріктілер де, жанашыр жандар да білек сыбана кірісті. Туыстарының айтуынша, Анастасия өзінің танысы Назар есімді жігітпен кездесуге шығып, хабар ошарсыз кетіпті. Ал, кешке 6-лар шамасында куәгерлер оларды «Шымбұлақтағы» қонақүйлердің бірінің маңынан байқағанын айтып, дабыл қаққан. Анастасияның анасы мен еріктілер дереу тауға жетіп, оларды үйге жүруге үгіттепті. Алайда, жасөспірімдер үлкендерге құлақ аспай, табан асты тауға қарай қаша жөнелген.

«Мен оларды қуа жөнелдім. Ал, анасы Құтқару қызметі мен жедел жәрдем шақыруға жүгіріп кетті. Жол бойы мен жігіттен тоқтап, қызды жөніне жіберуді сұрадым. Тауға оны іздеп келгенімізді емес, қызды алып кету үшін келгенімізді айттым. Ол болса, Анастасияны мен ұстап тұрғам жоқ деп, төменге итеріп жіберді. Қыз қатты құлап, басын тасқа соқты. Дереу, Анастасияға көмекке ұмтылдым»,- деді Ерікті, Ислам УГУШЕВ.

Қызды құтқарам деп, еріктінің өзі де оңбай құлаған. Бірақ, абырой болғанда Ислам тек жеңіл жарақатпен құтылыпты. Оның сөзінше, Анастасияны алып қашқан Назар бұрын бұзақылық әрекеттерімен әрі туысын пышақтады деген күдікпен полицияда тіркеуде тұрыпты. Анастасияны алып қашқандағы қылығы да күдік ұялатады. Еріктінің сөзінше, жігіт спортшы қызды өзімен бірге өлуге үгіттепті.

«Қызды құтқару өте қиын болды. Аяғымды жарақаттап алдым. Ал, Настя құлағаннан кейін қатты дірілдеп, аузынан көбік ақты. Басын жарақаттап алып, ісіп кетті. Қолдан келгенше алғашқы көмек көрсеттік. Кейін бізді жедел-жәрдем  алып кетті»,- деді Ерікті, Ислам УГУШЕВ.

Жиналғандар таудан құлағандармен алысып әлек болып жатқанда, Назар  қашуын тоқтатпапты. Тіпті, оны райынан қайтаруға талпынғандарға да құлақ аспаған. Кейін Назардың ізінен құтқарушылар түскен. Көп ұзамай 17 жастағы  жігітттің мәйіті бүгін таңғы 8-дерде Казачка өзенінің оң жағалауынан тауыпты.

«Қазіргі таңда өлімнің басты себептерін анықтау мақсатында сот медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс бойынша өндірісті Медеу аудандық ІІБ-ның қызметкерлері жүзеге асыруда. Әйтсе де, мәлім болғандай дәл осы жігіт 23 шілде күні түнгі 2-лер шамасында сол Медеу ауданында орын алған бұзақылық әрекетке қатысы бар деген мәліметіміз бар. Яғни, өзіне жақын туыс әйелге пышақ жұмсап, нәтижесінде өте қомақты сомма ақшаны қолды қылып кеткен болатын»,- деді ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.

Қазір тергеушілер осы екі дерек бойынша тексеріс жүргізіп жатыр. Десе де, оқиғаның мән-жайы тиісті сараптама аяқталып, тергеу біткесін белгілі болмақ. Ал, Анастасияның жағдайы қазір жақсы екен. Дәрігерлер қызға тиісті көмегін көрсетіп, үйіне жіберген.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы