Елімізде сурдоонлайн бағдарламасы барлық мемлекеттік орталықтарда енгізілуде

Елімізде сурдоонлайн бағдарламасы барлық мемлекеттік орталықтарда енгізілуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде сурдоаудармашы мамандар тапшы. Алматыда есту қабілетінен айырылған екі жарым мың азамат болса, ишара тілін түсінетін 50-ге жуық маман бар. Салдарынан кембағал жандар мемлекеттік қызмет түрлері мен қажетті ақпаратқа қол жеткізе алмай отыр. Отандық өнертапқыштар бұл олқылықты жою үшін бірегей жобаны өткен жылдан бастап қолға алған.

Ұлан Сегізбаев 3-ші топтағы мүгедек. Бірақ заман ағымынан қалмай, қажетті қызмет түрлерін осы бағдарлама арқылы алуға мүмкіндік алды. Айтуынша бұрын мекемелердің табанын тоздырып, сурдоаудармашыны іздеп, ұзын-сонар кезек  көп уақыт ты алады.  Бүгін де мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер туралы кеңес алуға арнайы  келіпті.  

«Керекті ақпаратыңды тікелей келіп алуға болатын керек дүние екен. Бүгін маған көрсетілетін жеңілдіктер туралы, сауықтыру орындарында ем алу, қоғаммен байланысуға арналған планшеттер туралы анықтап біліп алдым. Бұрын сурдоаудармашы күтіп, уақытымды көп жоғалтатын едім»,-деді Ұлан СЕГІЗБАЕВ.

«Барлық мүгедектер басқармаға әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен жүгінеді. Яғни мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек туралы жиі сұрап келеді. Десек те біздің басқарманың құзырына кірмейтін мәселелер де бар. Ақыл-кеңес беріп, тиісті органға жібереміз»,-деді Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Лаура ӘБЖАНОВА.

Еліміздің мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңына сәйкес, есту қабілеті нашар бір адамның өзіне сурдоаудармашының 60 сағаттық қызметі көрсетілуі қажет. Ал мамандар мұны өте аз деп отыр. Өйткені аудармашының жұмыс сағаты үйінен адым аттап  шыққанынан есептелінеді екен.  Деректерге сүйенсек, осының әсерінен кембағал жандар айына екі қызмет түрін ғана пайдаланатын көрінеді.

«Алматы қаласында ресми түрде тіркелген 2 жарым мыңға жуық есту қабілеті бойынша мүгедектер тіркелген. Ал сурдоаудармашылардың саны елу-ақ. Мүмкін сол себептен де шығар, 2017-ші жылы сурдоаудармашылардың қызметі 283 рет қана мүгедектер жүгінді. Ол дегеніміз мына мүгедектер санының 12 пайызын ғана құрайды»,-деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Айгүл БАЙХАНОВА.

Әлемде баламасы жоқ сурдоонлайн бағдарламасы қазір Алматы қаласының 15 емдеу мекемесі, халыққа қызмет көрсету орталықтары, коммерциялық ұйымдар мен әуежай, сауда орталықтарында жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде өткен жылдан бері осы қызметті 4 мың мүгедек пайдаланыпты. Әрқайсысы шамамен сурдоаудармашының 49 сағатын жұмсаған.

«Біз ауқымды кеңейтіп, Қазақстан көлемінде жұмыс жасауды бастап кеттік. Сонымен қатар, басқа тілдерге аудару қызметінде енгізіп жатырмыз. Ал 2019-шы жылға қарай сурдоаудармашылардың жүктемесін 30 пайызға жеңілдететін жасанды инттеллектісі бар жобаны қосуды жоспарлап отырмыз»,-деді «Сурдо-онлайн» жобасының жетекшісі Роман КОДИНЦЕВ.

Аталмыш жоба қазір еліміздегі 330 халыққа қызмет көрсету орталығында іске қосылған. Басты талап ғаламтор болса болғаны. Жергілікті билік орындарынан қолдау тапса жобаның кереметін 30 мың есту қабылетінен айырылған азаматтар көрмек. Бірақ бұл ым-ишара тілін жетік меңгерген мамандарды талап етері сөзсіз.

Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров