Мемлекеттік оқу орындарында білім алу құны қымбаттамайды – Сағадиев

Мемлекеттік оқу орындарында білім алу құны қымбаттамайды – Сағадиев
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандағы барлық балабақшаға бейнежазба камералары қойылады. Бұл ой Білім министрлігіне Теміртаудағы балабақшада тәрбиелеуші баланы қылғындырған жазба көпке тарап кеткеннен кейін келген. Ерлан Сағадиев басқаратын ведомство бүлдіршіндер құқығын қорғауға етене кіріспек.

Адам шошытатын кадрлардағы теміртаулық тәрбиешіге тағылған айыпқа сәйкес, ол 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 240 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін, болмаса, 75 күнге қамалады. Жағдай жөнге келгенімен, министрдің көңілінде сызат қалған. Мұндай масқара қайталанбас үшін министрлік бірталай жаңашылдық енгізбек. Бүгінгі күні елдегі бөбекжайлардың 60 пайызынан артығы аталмыш технологиямен жабдықталмаған екен.

«Білім ұйымдарында балалар құқығы бұзылу мәселесі өте өзекті. Мен мұнымен келісем. Біріншіден, жұмысшылардың, психологтардың, әлеуметтік мамандардың біліктілігін арттыру керек. Сондықтан тез арада барлық мектеп мұғалімдері мен әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған қысқа мерзімде үйреніп шығатын курстар ашпақпыз. Бұған тәрбиешілер де кіреді. Біздіңше, бұл маман иелері біліктіліктерін көрсететін мемлекеттік тесттен өтуі керек», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

«Барлығымыз бала тәрбиелеп жатырмыз. Әрине, Теміртауда болған оқиға ақылға сыймайды. Бейнебақылау камераларын орнату ұсынысы бойынша тиісті құжаттарды пысықтап жатырмыз. Осы орайда, барлық балабақшаға видеокамераларды орнату шараларын ескеріп отырмыз», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асxат АЙМАҒАМБЕТОВ.

Жиында мектеп мәселесі де айтылды. Биыл оқушылар компьютер тілімен жақынырақ танысуға тек 3-ші сыныптан ғана кіріссе, келесі жылы информатиканы 1-2 сынып оқушылары да оқитын болады. Алдағы 2020-2021 оқу жылдарына латын әліппесі дайын болуы тиіс. Ерлан Сағадиевтің сөзінше, осы маусымда кітаптар жетіспеушілігі сезілмейді. Өйткені, республика бойынша оқулықтардың 95 пайызынан астамы оқу ордаларына жеткізілген. Ал білім ошағында діни киім – хиджаб кию туралы да сөз қозғалды.

«Хиджабтарға келсек: оған мектептерде тыйым салынады. Біздің ұстанымымыз өзгерген жоқ. Балаларды бөлек оқыту дегенді діни оқытумен шатастырудың қажеті жоқ. Оқу қандай болса да, мектеп бағдарламасы барлығына бірдей. Ол сол күйі қалады, сондықтан білім беру жүйесі жалпыға ортақ мемлекеттік стандарттар аясында жүргізіледі. Бұл барлығына қатысты», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Ведомствоның жоғарғы оқу және одан кейінгі білімге қойылған талаптары да бөлек әңгіме. Елімізде енгізілген «Академиялық еркіндік» туралы заң аясында университтегі оқу бағдарламасы өзгеріп, бакалаврдан кейін ілім қуғандарды іріктеу қаталырақ болады. Басты мақсат – еңбек нарығына керек маманды дайындау. Сонымен қатар, жекеменшік университетте оқу бағасы өссе де, мемлекеттік оқу орындарында білім алу құны өзгермейді.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров