Қарағандыда жазасын өтеп шыққандарға тұратын орын, жұмыссыздарды қызметпен қамтитын әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету орталығы ашылды. Ол 20 адамға шақталған. Жоба құны 7 милллион теңгеден асып отыр.
Амин Чанышев әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатқандардың бірі. Бұл орын туралы таныстарынан естіп келіпті. Ол түрмеде 5 жыл отырған. Аминнің сөзінше, жазасын өтеп шыққан адамға жұмыс табу қиынға соғады. Қазір ол Қарағандыда автотұрақтың бірінде күзетші болып орналасқан.
«Өзімнің жасаған қылмысым үшін отырып шықтым. Енді ол жерге қайта оралғым келмейді. Қазір жұмыс таптым. Болашақта отбасы құрғым келеді»,- деді Амин ЧАНЫШЕВ.
Орталық пробация қызметімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Аталған орын жазаны өтеу орындарынан босап шыққандарға жұмыс тауып, тұратын жерін анықтап, аяққа тұрып кетуіне жағдай жасайды. Бүгінде Қазыбек би аудандық пробация қызметінде есепте тұрғандардың саны 463 адам.
«Үйі жоқ болған жағдайда осы мекемеге алып келіп, орналастырып, оларға мүмкіндік беруге, білім алуға жұмысқа тұруларына және де өзінің бостандықта жүріп қоғамға бейімделуіне үлкен мүмкіндік беріліп, үлкен шаралар атқарылуда. Қазір біз осында өзіміз Қазыбек би ауданық пробациясында есепте тұрғандарды жерге жіберіп жатырмыз»,-деді Қарағанды қаласы қазыбек би аудандық пробация қызметі басшысының міндетін атқарушы Фархат ЖҰМАЖАНОВ.
Жалпы аталған орын 20 адамға шақталған. Алайда онда қазір 8 азамат тұрып жатыр. Мұнда азаматтарға психологиялық, медициналық көмек көрсетіледі. Оған қоса, жұмыспен қамтылып және оқытылады. Жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 7 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.
Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды.