Ұзынағаштың мал базарындағы үш ағайындыны айуандықпен өлтірген қылмыскерлерге жаза кесілді

30.11.2016 16:45

Пайда күнемдікпен үш адамды алдап апарып иен далада атып өлтірген қаскөй қалған өмірін тар қапаста өткізетін болды. Ұзынағаштың мал базарындағы үш ағайындыны айуандықпен өлтірген қылмыскерлерге жаза кесілді. Қаруды қолданған Сүлейманов  өмірінің соңын түрмеде күтсе, оның сыбайласы Оңалбаев 25 жылын  қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде өтейді. Қылмысты көрген куәгердің қолына да сот залында кісен салынды. 

Қырық бас малға қызығып бірнеше адамды қырып салған қанішерлердің сотына келген халық залға симады. Соттың тар залында екі тараптың өкілдері де жастарын тия алған жоқ. Бірі енді қайтып келмейтін жақындарын жоқтаса, екіншісі үкімін күткен қаскөй туыстарын көріп көзге ерік берді. 

 «Қылмыстық кодекстің 46 бабының  5-бөлігі, 3-тармағына сәйкес сотталушы Оңалбаевқа тағайындалған жаза түзету калониясының қатаң режимінде өтеуге жатады. Қылмыстық кодекстің 46 бабының  5-бөлігі, 4-тармағының талаптарына сай  сотталушы  Сүлейменовке сот өмір бақи жазасын  тағайындап, бұл жаза ерекше режимде өтеуге жатады»,- деді Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы, Мұхидин ТОХТАХУНОВ.

 Ал қылмыс кезінде екінші рөлде болған Оңалбаев 25 жылға,  қылмысты жасырған малшы Байқасымов 4 жылға қамалды. Қаскелеңдегі  мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Мұхидин Тохтахунов кешегі жарыссөзде прокурордың сұраған жазасы бойынша ештеңе қосып-алмастан үкім шығарды. Үкімге разы болмай, ату жазасын сұраған жәбірленушілерге судья  қолданыстағы заң мен қаскөйлерге тағылған баптарда өлім жазасының қарастырылмағаны негіз болғанын атап өтті.

 «Жазықсыз үш адамды атып тастаса қарға атқан секілді. Не деген қылық бұл. Ал оған өлім жазасын өкім ете алмаймыз, оған біздің заңымыз жоқ дейді»,- деді Марқұм М.Зарлықанұлының туысы, Қайбарқызы ҚҰРЫШҰЛЫ. 


 «Қалай риза болам? Екі балам бар. Мен жалғыз әйел адам қолымнан не келеді? Күйеуімнің тапқанын ішіп-жеп отырғанбыз. Бұл іске қалай разы боламыз? Атып берсін»,- деді Марқұм Қ.Әлімханның жесірі, Майраш САТТАРХАН.    

Сотталған екеу өтемақы да төлейтін болды. Үш отбасына тән және жан азабын тартқызғандары үшін судья 60 миллион теңге төлеуді міндеттеді. Одан бөлек мемлекетке келтірген зиян үшінде жүздеген мың теңге айыптары тағы бар. Ал қамалған қаскөйлердің туыстары тағайындалған жазаның тым ауыр екендіктерін айтқанмен, соттан шыға бірден қаша жөнелді.  

Сүлейманов  жалғыз адамдық түрмеге қамалса, Оңалбаев қатаң тәртіптегі қапаста жазасын өтейді.  Қаза болған Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлықанұлы мен Қадылбек Әлімхандардың өлімі қоғамда резонанс тудырып, қыркүйекте ондаған адам Ұзынағаштағы полиция ғимаратына кісі өліміне кінәлілерді табуды талап етіп жиналғаны белгілі. Тіптен премьер-министр  Бақытжан Сағынтаев 27 қыркүйекте Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа үш кісінің өлімін тергеу барысын бақылауға алуды да тапсырған еді. Арада үш ай өткенде осынау шулы іске үкім шыққанмен, келтірілген материалдық шығындарға қатысты сот әліде жалғаспақ.  Ал қапыда қайтыс болған ұлдарының қазасын көтере алмаған жігіттердің аналары  қазір хәл үстінде жатыр.

 Әмірболат Құсайын, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы