Қазақстан мен Қытай бірлесе Қорғас өзеніндегі селді ұстауға бағытталған бөгетті салады

Қазақстан мен Қытай бірлесе Қорғас өзеніндегі селді ұстауға бағытталған бөгетті салады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сенат депутаттары Қорғас өзенінде «Шүкірбұлақ» бөгетін салу туралы Қазақстан мен Қытай  арасындағы келісімді ратификациялады. Аталмыш құжатқа өткен жылы қол қойылған болатын. Енді, алдағы уақытта екі ел арасында жұмысты бақылауда ұстайтын арнайы комитет құрылады. 

Қорғас өзенінде селге төтеп беретін «Шүкірбұлақ» бөгеті салынады. Қажетті келісім-шарттарды бүгін Сенат жіті сүзгіден өткізіп, заң жобасын мақұлдады. Кететін шығын теңдей болады. Құрылыстың уақытылы басталып, тиісті мерзімде бітуін қадағалау бағытында жаңа комитет құрылмақ. Сөйтіп, екі жақтың жауапты мамандары жұмысты бірлесіп атқарады. Айта кетейік, нысан құрылысына 11 млрд астам қаржы жұмсалмақ.

«Селді ұстауға бағытталған бөгет екі мемлекеттің келісімі бойынша екі жақтыңда жекеменшігінде болады. Құрылысқа кететін шығынды екі тарап бірдей көтереді. Жұмысты ұйымдастырып отыратын арнайы комитет құрылып жатыр.Оның ішіне екі жақтың жауапты органдары, мүдделі мемлекеттік органдар мен басқа да мекемелер кіреді»,-деді ҚР Ішкі Істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.

Жоғарғы палата депутаттары валюта қозғалысын реттейтін құжатты талқыға салды. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «Астана қаржы орталығы», Арнайы экономикалық аймақ пен «Қорғас» халықаралық орталықтың пайда болуына орай жаңа заң жобасын әзірлепті. Құжат маңызды төр бөліктен тұрады. Бастысы, ел нарығында валюталық операцияларды бақылап, айналымда жүрген шетел валютасын азаютуға септестін көрінеді. Төраға көтерген тағы бір мәселе «7-20-25» бағдарламасына қатысты болды. Белгілі болғандай, егер, азамат банк алдындағы қарызын өтей алмаса екінші деңгейлі банктер кепілде тұрған пәтерді сату құқығына ие болмақ.

«Бағдарламаның болашақта орнықты болуының маңызды талабы банк пен борышкердің нарықтық принциптерді сақтауы болып табылады. Оның ішінде проблемалық берешекті сотқа дейін реттеу маңызды және кепілі бар кредиторлардың басым  құқығының болуы. Кепіл институты толық қамтылған болуы керек. Кепіл ұстаушының өз талаптарын қанағаттандыру үшін, кепіл мүлкін кедергісіз әрі дереу сату мүмкіндігіне ие болуға тиіс»,-деді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.

Халық қалаулылары мұнымен қоса, полиция жүйесін қайта жаңғыртатын заң жобасын мақұлдады. Бұдан былай, Ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция қызметі қайта бірігеді. Бір департамент құрамына енетін екі орган тікелей Ішкі Істер министрлігіне бағынатын болады. Құзырлылардың пікірінше, екі тарапты бөлу құқық қорғау органдарының ұстанымына қайшы. Заңда, мерзімінен ерте босап шыққандарға қатысты түзетулерде бар.

«Рецидивтік және мас күйінде  жасалатын құқықбұзушылықтарға профилактика жасаудың формалары мен тәсілдері енгізілмек. Атап айтсақ, бас бостандығынан айыру орнынан шартты түрде мерзімінен бұрын босаған адамға алкоголь немесе есірткі тұтынуға толық тыйым салынбақ.Түрмеден басы босап шыққан адамды әкімшілік қадағалау мерзімі 3 жылдан сотталған мерзіміне дейін ұзарады», -деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ.

Сонымен қатар Данияр Ақышев теңге бағамына қатысты пікір білдірді. Бас банкир төл теңге қайта күшейеді деді. Сондықтан айырбастау бекеттеріне жүгірудің қажеті жоқ. Қазіргі құбылыс жазғы демалыс, ішкі нарықта шетел валютасына деген сұраныстың артуынан туындаған. Бұл жағдай өткен жылы да орын алған болатын. Яғни, 1 доллар бағасы 340 теңгеге көтеріліп, кейіннен 320 ға түскен еді. Бұдан бөлек, теңгенің әлсіреуіне макроэкономикалық және фундаменталдық факторлар әсер етіп отырған көрінеді.

Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, Алматы телеарнасы, Астанадан.


-
Новости партнеров