«100 жаңа есім» жобасына сұранымдарды қабылдау жалғасуда

21.08.2017 16:31

«100 жаңа есім» жобасына сұранымдарды қабылдау жалғасып жатыр. Басты мақсат- бүгінгі замандастарымыздың жетістіктеріне зер салып, өскелең ұрпаққа оларды үгіттеу. Одан қалды, тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихын паш ету.  

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қоғам арасында тартысты пікірталас тудырған еді. Бірі аталған тізімде тек жастар бой көрсетсін десе, енді бірі шет елде жүрген қандастарымызды да ұмытпау керек деген ойды айтқан еді.  Елбасының рухани жаңғыруға қатысты бұл тапсырмасын жүзеге асыруға байланысты арнайы жұмыс топтары да құрылған. Сарабдал сарапшылар аталған жобаны іске асырудағы тетіктерді саралап, бір сыпыра мәселенің шешімін тапқан.

«Мұндай жобалар қазақстандық тәжірбеде сондай үлкен деңгейде болмаған, яғни мемлекеттік деңгейде деуге болады. Сондықтан әрине мынау халықаралық тәжирбие, жалпы ғылымда қалыптасқан қағидалар бұл мәселе жөнінде зерттеуге тура келді», -деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар МӘЖІТОВ.

Еліміздің әр қилы салада дамуына үлес қосып жүрген азаматтарымызды бүгінгі күннің батырлары десек артық емес. Мектеп қабырғасында жүріп, айтарлықтай жетістікке жеткен оқушыдан бастап, зейнет жасындағы қарияларымыз да бұл тізімге еңе алады. Қазірдің өзінде арнайы коммиссияға өтінім бергендердің саны бірнеше мыңнан асып жығылады. Оның қатарында Алматы қаласының 23 жастағы тұрғыны Мәулен Бектұрғанов та бар.  Ол бионикалық протез ойлап тапқан. Дәл мына құрылғыны жасап шығару үшін кейіпкеріміз бірнеше жылдар бойы тер төккен. Бүгінгі таңда жас жігіт жекеменшік компанияны басқарады.

«Қолдың бұлшықеттері арқылы мына протезді басқаруға болады. Арнайы микро-бақылаушы белгілерді қабылдайды. Соның арқасында қажетті қимылдар жүзеге асады. Протездің тағы бір ерекшелігі - егер адам қолына қажетті затты алса, ол оны қатты күшпен қыса алмайды. Ол үшін арнайы датчик орнатылған», - деді протез дайындайтын компания директоры Мәулен БЕКТҰРҒАНОВ.

Протез көмегімен қолынан айырылған адам бірқатар әрекеттерді орындай алады. Ол күнделікті өмрдегі қарапайым қимылдар. Жасанды мүше арнайы қоспалары бар пластиктен жасалған. Соның арқасында икемді екен.

«Протез өте ыңғайлы және қолдануда еш қиындық тудырмайды. Оны бекітудің де қажеті жоқ. Протезді киіп, батырманы басып оны қоссаңыз болғаны. Бастысысы құрылғыны қуаттандыруға қойып алу қажет. Жалпы қолданыста бұл протез өзгелеріне қарағанда адамға жайлы», - деді протез дайындайтын компания директоры Мәулен БЕКТҰРҒАНОВ.

Жас өнерпаз дәл осындай протез түрлері шет елдерде де бар екенің жасырмайды. Бірақ бағасының удай болуынан отандастарымыз талай жылдар бойы заманауи протезге қол жеткізе алмай келген еді. Ал осы жылдың мамыр айында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бастау алғаның білген Мәуленнің достары ол бұл тізімге еңуі керек деп өтінім жіберген көрінеді.

«Ол тұлға қандай болуы керек? Бір жағынан еңбекқор болуы керек әрине, еңбекқор. Яғни біз орысша айтқанда мобильді дейміз ғой. Жалпы сондай бір еңбекте, тұрмысында, іс әрекеттерінде  сондай ерекше жаңғыруға жақын келетіндей тұлға болуы керек секілді», - деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар МӘЖІТОВ.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының сайтына еліміздің түкпір-түкіпірінен, тіпті өзге мемлекетте жүріп Қазақстанның дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардан сұраным түскен. Ендігі кезек арнайы коммиссияда. Олар берілген ақпараттарды тексеріп, іріктеу өткізеді. Айта кету керек, бүгінгі күннің 100 қаһарманың отандастарымыз онлайн дауыс беру арқылы анықтайтын болады. Жеңіске жеткен азаматтар жайлы әр түрлі телебағдарламалар, тіпті фильмдер де түсіріледі деп жоспарлануда.

Нұрсұлтан Біләл, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы