Қазақстанда доллар бағамы әлі де өсіп жатыр

Қазақстанда доллар бағамы әлі де өсіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төл теңге тағы әлсіреді. Қазақстан қор биржасының таңғы және күндізгі сессиясының қорытындылары бойынша доллар бағамы 343 теңге 3 тиынды құрады. Ұлттық банктің ресми мәліметіне сүйенсек, үшінші шілдеде теңгенің 1 долларға шаққандағы бағамы 341 теңге 62 тиынды көрсеткен. Экономистердің айтуынша, бұған әсер ететін факторлар көп екен. Олардың бірі - араб елдерінің мұнайды көптеп өндіруі.

«Әрине, бірінші кезекте мұнай бағасына байланысты. BRENT маркалы мұнай бағасы қазіргі таңда әлемде бірден түсе бастады. Әлемде қауесеттің тарауы қор нарығына әсерін тигізеді. Валюталар бағамының ойнауына септігін тигізіп отыр», - деді экономист Мақсат ХАЛЫҚ.

Сарапшылардың айтуынша соңғы екі жылда қалыптасқан үрдіс бойынша, алғашқы жартыжылдықта теңге үстемдік құрса, екінші жартысында керісінше, құнсызданады. Биыл да осы ұстаным сақталады, яғни жылдың ортасынан бастап, теңгенің құны әлсірей бастайды дегенді алға тартуда. Ал Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазақстандықтардың көбі қазір теңгемен саудаласқанды жөн көреді екен. Бұл өз кезегінде импорт жасауда долларға деген тәуелділіктен аз да болса арылуға әсерін тигізіп жатыр.

«Ең бастысы, долларсыздандыру бизнесмендердің өздерінен басталуда. Сіз бен бізде бәрін теңгемен есептеп, ірі тауарлардың бәрін теңгемен саудалаймыз. Мейлі, ол автокөлік, пәтер, басқа да тауар болсын», -  деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Азамат Әуезхан, "Алматы" телеарнасы


Новости партнеров