Түрксіб ауданында суицидтік іс-әрекеттердің алдын алу бойынша жиын өтті

01.03.2017 15:03


Суицидке жол бермеу - ата-ана мен ұстаздардың қолында! Осындай тақырыпта Түрксіб ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жиын өтті. Басқосудың негізгі мақсаты - өз-өздеріне қол жұмсағысы келіп жүрген балаларға түбегейлі тосқауыл қою. Ал, психолог мамандардың сөздерінше, 13 пен 17 жас шамасындағы жасөспірімдердің тәлім - тәрбиесін қатаң қадағалау керек.

Жеткіншектердің  өз-өзіне қол жұмсауы бүгінгі қоғамның басты мәселесі. Осыған орай, Түрксіб аудан әкімдігінің қолдауымен «Суицидке жол бермеу» атты тақырыпта кеңес өтті. Жиынға прокуратура өкілдері, қоғам белсенділері, психологтар мен ата-аналар келген. Түрлі пікірлер түйіні суицидтің алдын-алуға отбасыда ата-ана, ал мектепте ұстаз жауапты болуы керек дегенге саяды.

«Түрксіб ауданында биылғы жылы жеті бала өз-өздеріне қол жұмсау фактысы тіркелді. Бірақ бәрі дін аман. Мониторинг жасап, балалармен, олардың ата-аналарымен біздің психологтар сөйлеседі», - деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары  Мұхтар ТӘЖІБАЕВ.

Ардақ Жықбаева он жылдан бері Алматыдағы білім ордаларының бірінде психолог болып қызмет атқарады. Ұстаздың сөзінше, «суицид -  отбасындағы түттіннің түзу шықпауынан» болады. Яғни, ата - аналардың бір-бірімен кикілжіңі мектеп жасындағы балаларға қатты әсер етеді деп отыр.

«13 - 17 жас шамасындағы жасөспірім балардың мінез-құлықтарына қатаң қадағалау керекпіз. Ең бірінші отбасындағы жағдай тұрақты болса, балалардың да өмірі жайма шуақ болады. Сондықтан ата-аналар тату өмір сүруіне қатты байланысты. Біз психолог маманы ретінде барлық жұмысты жасап жатырмыз», - деді  психолог Ардақ ЖЫҚБАЕВА.

Бүгінде әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына итермелейтін түрлі ойындар белең алып барады. Тіпті, соның салдарынан  жыл басынан бері  15 бала суицид жасауға бел буған. Психолог мамандардың сөздерінше, көп жағдайда ата-аналар өз балаларына деген салғырттығының салдарынан осындай қадамдар жиі орын алып жатады деуде. Сондықтан түрлі саланың мамандары тиісті мәселені бірлесіп күрсеуге үндеді.



Теги: фильтр