Жақып Асанов сот органдарының жұмыс сапасын арттыру жолдарын атады

14.07.2018 00:42

«Сот саласы мамандары сотпен де, «отпен» де шұғылданып жүр. Сот жүйесі сол себепті ақсаңдайды». Бұл Жақып Асановтың пікірі. Биылғы жартыжылдықты қорытындылаған Жоғарғы сот төрағасы  бірнеше жыл бойы басқа мемлекеттік мекемелер сот органдарына өз қызметтерін орындатып келеді, ал соттағы штат бәз-баяғы күйінде, сондықтан да сапа сын көтермейді деді. 

«Соңғы бес жыл ішінде жұмыс көлемі 2 есе артқан. Істер мен материалдар 1 млн 400 мың болса, қазір 2 млн 700 мыңға жетіп отыр. Бұл дұрыс емес. Осындай ауыр жүктеме барда, біз қалайша жұмыстың сапалы болуын талап ете аламыз? Астана мен Алматыда судьялар жыларман болып отыр. Олар күніне 15-20 сот шешімін шығарып отырғандарын айтуда. Бұл 2017 жылғы көрсеткіш. Биылғы өсім 30 пайызға жетті», – ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып АСАНОВ.

Отандық судъялар қате шешімімен рейдерлікке пара-пар шешім шығарады дегенді де айтты Жақып Асанов. Мысал ретінде Ақмола облысында бір фирма екінші фирманың алдында 10 млн теңге қарызы болғандықтан, банкрот деп танылған деді. Алайда, істі қайта қарағанда, «құлдырады» деген фирманың миллиард теңгелік активі бар екендігі анықталған.  

«Түрлі қателіктер болатындығын түсінемін. Заңды дұрыс қолданбау да болып жатады. Дегенмен, өзгенің бизнесін басып алудың рейдерлік амалдарында бізді пайдалану – бұл қылмыс. Әріптестер, бұлай болмайды. Бизнес өкілдеріне де жүгінгім келеді. Біз таяу аралықта Жоғарғы сотқа қалай жүгінуге болатындығы туралы нұсқаулық жасаймыз», – деді ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып АСАНОВ.