Жыл басынан бері камералық бақылау құны 770 миллиард теңгеге жеткен

19.07.2017 в 15:46

Жыл басынан бері камералық бақылау құны 770 миллиард теңге болатын 42 мың рәсімді қараған. Демек, мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі тиімділігін көрсетіп жатыр дейді мамандар. Нәтижесінде, көлемі 60 миллиард теңге болатын 1892 мемлекеттік сатып алудан қателік тауыпты. 2016 жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік сатып алу барлық кезеңі жоспарлаудан бастап, ақы төлеуге дейін электрондық форматта жүргізіледі. Қазіргі таңда, порталда электронды сатып алу бойынша тапсырыс берушілер саны 20 мың, жеткізушілер қатары 100 мыңнан асып жығылады. Заң қабылданған уақытқа дейін бұл жүйені қолданушылар үлесі 60 пайызды құраса, қағаз түрінде жұмыс істейтіндер 40 пайызға жеткен.

«Мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі сатып алу рәсімінің ашық жүруін арттырды және бизнес қызығушылығын қорғауға әсер етті. Өткен айда Қаржы министрі халықпен өткізген есептік кездесуінде атап өткендей, бір байқауға қатысушылар саны орташа есеппен 4 есе ұлғайған. Шартты үнемдеу 3 есе, 43 миллиард теңгеден бастап, 127 миллиард теңгеге дейін көбейді»,- деді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы, Ержан МЫҢЖАСАРОВ.