Елімізде жанармайдың бағасы 165 теңге деңгейінде сақталмақ

20.10.2017 21:07

Елімізде АИ-92 маркалы бензин бағасы 165 теңге деңгейінде сақталады. Жанар-жағармай нарығындағы жағдай тұрақталғанша осы баға өзгермеуі мүмкін. Сенатта үшжылдық бюджет жобасын таныстыру барысында энергетика вице-министрі осыны мәлімдеді. Есте болса, осыдан екі күн бұрын Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензин бағасының 160-161 теңгеге дейін көтерілетінін айтқан болатын. Толығырақ елордалық тілшіміз Азамат Әуезхан тарқатады.

Жанар-жағармай нарығындағы жағдай тұрақтамайынша, энергетиктер АИ-92 маркалы бензинін бір деңгейде ұстауға ниетті. Қазір «Қазмұнайгаз» компаниясы қажетті отынды Ресейден сатып алыпты. Бағасында айырмашылық болса да, сұраныс көп болса, құны да төмендейді деп отыр жауаптылар.

«Бүгінгі таңда нарықтағы жағдайды ескере отырып, «ҚазМұнайГаз» АИ-92 маркалы бензинін сатып алды. Әрине, Ресейдегі бағаның еліміздегі бағадан айтарлықтай айырмашылығы бар. Сол себепті компания жоғары шығынға батып отыр. Шығынның орны толтырылмағандықтан баға тұрақты болмай отыр. Біздің болжауымызша 165 теңгеге көтеріледі. Жанармай жеткізудегі дағдарыстық құбылыстарды азайту үшін»,- деді ҚР энергетика вице-министрі, Бақытжан ЖАҚСАЛИЕВ.

Айта кетейік, «министрліктің бас ауруына» айналған бұл жағдайға байланысты, екі күн бұрын Қанат Бозымбаев бензин бағасы 161 теңгеге дейін көтеріледі деп өз болжамын айтқан еді. Осы ретте, ол көрші Ресейден алынатын импорт көлемін осы айда 40 пайызға, қарашада 30 пайызға, ал желтоқсанда 20 пайызға азайтуды көздеп отыр. Сол себепті қазан айында бензин бағасы литріне 161 теңгені құрауы мүмкін екен. Бірақ жауапты ведомоства жыл аяғында жанармай бағасын қайта қарауы мүмкін. 

Ал мәдениет және спорт министрлігі мұны Үкімет ұсынған экономиканы өсіретін драйвер дегенді алға тартуда. Оның айтуынша туризм мұнай-газ саласын әртараптандырып, экономикаға қосымша қаражат құюға септігін тигізеді.

«Туризмнің жалпы ішкі өнімі 0,9 пайызды құрап отыр. 2025-ші жылға қарай, 8 пайызға көтеру міндетін қойдық. Бұл пайда әкелетін сала. Туризмді дамытсақ, экономиканы алға тартушы күш болары анық»,- деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі, Асқар БАТАЛОВ.

Айта кетейік, еліміздің туристік әлеуетін шетелде ілгерілетумен айналысатын «Қазақтуризм» ұлттық компаниясының негізі биыл құрылған еді. Акционерлік қоғамның алғашқы міндеті ел туризмін шетелге таныстыру болса, екінші миссиясы - осы сала арқылы инвестиция тарту. Сол кезде министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бастапқыда компания қызметкерлері айлық алады, ал келесі жылдан бастап компания өзін-өзі ақтайтын болады деп сендірген еді.