Жамбыл облысында ең ұзын аспалы жол салынуда

Жамбыл облысында ең ұзын аспалы жол салынуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі ең ұзын аспалы арқан жол Жамбыл облысында салынып жатыр. Ол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан «Қар алма» тау шаңғы кешенінде бой көтермек. Курорттық мекен Жуалы тауларының етегінде бой көтеруде. Қазір ауқымды құрылыстың логистикалық жүйесі жолға қойылуда.

Ең алдымен Тараз-Шымкент тас жолынан тау бөктеріне апаратын автожолдың құрылысы жүргізілуде. Бүгінде жұмыс 50 пайызға аяқталған. Ол қыркүйек айына дейін бітуі тиіс. Себебі, бұл аймақта қазан айының ортасында жарты метрге дейін қар түседі. Жолдың құрылысына 78 арнайы техника және 30-ға жуық жұмысшы жұмылдырылған. Автодәліздің ерекшелігі, жол тігінен емес, зигзаг түрінде салынуда. Оған жолдың күн ертең қысы қатты аймаққа төтеп беруі себеп болған екен.

«Болашақта жобаның көкжиегі кеңейсе, қосымша 40 гектар жер жақын маңнан беріліп қойды. Ол жерлер ешкімге сатылмайды», – дейді «Тараз» ӘКК инвестициялық сараптама және жобаларды бақылау бөлімінің жетекшісі Рүстем ӘБДРАХМАНОВ.

Атап өтерлігі, аспалы арқан жол, шаңғы жолы, спорт алаңы және көлік тұрағы мемлекет қаржысы есебінен тұрғызылады. «Қар-алма» жобасын жүзеге асыруға бас-аяғы 3,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Кешен толығымен осы жылдың желтоқсанына дейін қолданысқа берілуі керек.

«Кешенге адамдар тек қыс кезінде ғана емес, жыл бойы барып демалып, бір-бірімен араласып тұрса, денсаулыққа да жақсы әсер етеді. Өйткені кешеннің төменгі жағына үлкен этноауыл, саумалхана салуды жоспарлап отырмыз. Ол жерде де жаздық мерзімде көктем болсын, жаз болсын, барып демалуға жағдай жасауымыз керек», – дейді Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш АРАЛБЕКОВА.

Тау-шаңғы кешенінің жалпы аумағы 17 гектардан асып жығылады. Кешен тәулігіне 5 мың адамға қызмет көрсетеді деп күтілуде. Логистика жолға қойылған соң, аспалы темір арқан жол орнатылады. Оның жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды. Қажетті қондырғылар Австрия елінен әкелінбек.

Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров