«Тегін мың ІТ-сынып» жобасы аясындағы алғашқы мектеп Алматыда ашылды

«Тегін мың ІТ-сынып» жобасы аясындағы алғашқы мектеп Алматыда ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде балалар ақпараттық технология негіздерін тереңдетіп меңгермек. Осы мақсатта республика бойынша бір мың IT-сыныбы ашылатын болады. Алматыда ашылған орталық қызметімен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова да танысып, оқушылардың қарым-қабілетіне өз бағасын берді. 

Бұл бесінші сынып оқушысының қолынан шыққан туынды. Ол дәріні қабылдау уақытын еске салатын гаджет ойлап тапқан. Жас өнертапқыш бұл салаға бұрыннан қызығады. Енді түрлі жобаларын қалада арнайы құрылған IT-сыныбында жүзеге асыра алады. Оқушылар сарайында ашылған орында оқушылар ақпараттық технология негіздерін жан-жақты ақысыз меңгере алады.

«Бұл негізі IT-сынып деп аталады. IT-сыныпта робототехника сабақтары, логика және математика сабақтары өтіледі. Қазіргі таңда бізде жас балалар міне 3-ші және 5-ші сынып аралығындағы оқушылар  IT лагерьге келіп қатысып отыр. Бұлардың негізгі өтіп жатқаны ол робототехника негізі, логика программалаудағы және математика», – деді Алматы қаласы Оқушылар сарайының робототехника мұғалімі Әсет МҰХАММАД.

IT лагерь таңғы сағат 9-дан бастап түскі уақытқа дейін қызмет көрсетеді. Осы уақыт аралығында мұндай сабақтан бөлек, интерактивті сыныпта да білімін жетілдіре алады. Аталған орталық арқылы қаладағы 200-ден аса мектепке хабар таратуға мүмкіндік бар.

Жаңа оқу жылында қалада тағы осындай 79 IT-сынып ашылмақ. Негізгі оқыту бағдарламасынан бөлек, халықаралық білім үлгілерін қолдану қарастырылған. Заманауи сыныптар «Нұр Отан» партиясының «тегін мың IT-сынып» жобасы аясында ашылуда. Яғни, 2020 жылға қарай еліміздегі 7 мың білім ошағында осындай бөлмелер жұмыс істейді.

«Біздің мақсатымыз балалардың бәрі программист болсын, инженер болсын емес. Ертең осы мектепті оқып шыққаннан кейін мына ақапараттық кеңістікте өздерін еркін ұстауға мүмкіндігі болса дейміз. Себебі, қазіргі таңның өзінде интернетке кіретін болсақ немесе басқа да цифрлық продуктылерді қолданатын болсақ, қолдануда көп кемішіліктер жібереміз. Сондықтан қазірден бастап балаларды осы жаңа ақпараттық жаһандануға бейімдеу мәселесін қарастырып отырмыз», – деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара ДҮЙСЕНОВА.

Алматыға жұмыс сапарымен келген Тамара Дүйсенова Жамбыл атындағы жасөсіпірімдер кітапханасында болды. Күрделі жөндеуден өткізілген орын қазір жаңа форматта жұмыс істеп отыр. Яғни, оқырмандар мұнда тек кітап оқып қана қоймай, өз жобаларын, идеяларын талқылай алады. Бұл орталық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңғыртылған болатын.

«Бұрыннан өзіміздің 15 мың оқырманымыз бар. Оларды қайта тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңадан жазылған оқырмандар саны осы 3 айдың ішінде 7 мыңнан асты», – дейді Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы басшысының міндетін атқарушы Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН.

Одан бөлек, осыдан 9 ай бұрын ашылған түрлі үйірме мен өз идеяларын дамытуға арналған Smart.Point коворкинг кеңістігінің жұмысымен танысты. Онда жоғары технологиялар мен креативті бизнес саласында жұмыс істейтін 40-қа жуық компания орналасқан. Атап өтерлігі, нысан аптаның жеті күнінде 24 сағат бойы қызмет көрсетеді.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров