Судьялар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне дәріс оқуда

Судьялар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне дәріс оқуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қорғастың» бұрынғы басшысы Василий Нидің бостандыққа шығуы заңға қайшы келмейді. Бұл туралы ұлттық университет студенттерімен кездескен қалалық соттың төрағасы Ақжан Ештай мәлімдеді. Оның айтуынша, былтыр миллион доллар қымқырды деп қамауға алынған Василий Ни мен оның сыбайласы Махаббат Сайдуллаева өз кінәларын мойындап, қалталарына баспақ болған ақшаны толық қайтарған. Сондықтан мемлекетке еш шығын келтірмеген. Соттың соңғы үкіміне жәбірленуші тарап қарсы болмағандықтан, қос күдікті де еркіндікке жіберіліпті. Шулы мәселені осылай түсіндірген қалалық соттың төрағасы кейін қара шаңырақта ашылған азаматтық істер және медиация орталығын аралады. Тосын сыйды Қазақ ұлттық университетіне қалалық сот тарту еткен. Оқу бөлмесінде студенттер сот процесін жүргізіп, судьялардың кейпіне енді.

«Біріншіден, бұл орталық студенттердің толысуына түрткі болады. Олар сот процесі кезінде болатын қиындықтар мен жауапкершілікті осы күннен сезіне бастайды. Одан бөлек, оқуларына мұқият қарап, заң талаптарын жетік білуге тырысады», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті кафедрасының меңгерушісі Серікқали ТЫНЫБЕКОВ.

Заң факультеті мен қалалық сот ертеректе арнайы меморандумға қол қойған еді. Осыған сәйкес, кәсіби судьялар білімгерлерге тұрақты түрде дәріс оқиды. Бұл жолы олар ұлт жоспары мен сот жүйесіндегі жаңашылдықтарды талқыға салды.

«Сот жүйесіне осыдан 3 жыл бұрын инновациялық жаңашылдықтар енгізіле бастады. Мәселен, сотқа арызды электронды түрде жолдауға мүмкіндік берілді. Сот бөлмелері аудио және бейне құрылғылармен жарақталды. Осының барлығы сот істерінің әділ әрі ашық түрде өтуіне септеседі», - деді судья Ирина ФЕДОТОВА.

Новости партнеров