Талай жылдан бері ауыз судан тарылған 15 мыңдай тұрғыны бар «Думан» ықшамауданына келесі жылы су жүйелі түрде жүргізіледі. Сондай-ақ Медеу ауданының таулы аймағында орналасқан елді-мекендерге екі аптадан кейін арнайы қоғамдық көліктер бөлінетін болады. Бұл туралы аудан әкімі Ержан Жылқыбаев қоғамдық қабылдау кезінде айтты. Көбіне жұрт жол мен аула жөндеу, су беру, жарықтандыру және аудан тазалығына байланысты мәселелермен жүгінген.
«Біз үлкен айналма жолдың жанында тұрамыз. Бізде айналма жолда стенамыз бар, кафельный стена. Сонымыз су өтіп құлап бара жатқаннан кейін біз екі жеті бұрын құлаққағыс жасағанбыз әкімдікке. Оны ары қарай қайтадан қалап шығуға уәде берді», - деді қала тұрғыны Тұрархан НӘБИЕВА.
Биыл ауданда бюджеті 1 млрд 700 млн теңгені құрайтын 120 аула салынады деп жоспарланыпты. Көшпелі қабылдауда ауданның бас прокуорлары, заңгерлері мен полиция өкілдері тұрғындардың мәселесін шешуге тырысты. Халыққа міндетті медициналық сақтандыруға, кәсіпкерлерлікке қатысты кеңестер берілді. Бұған дейін екі рет өткен көшпелі қабылдауға 200-ге жуық адам келген екен. Ондағы айтылған мәселелердің 85 пайызы шешілген. Алайда аудан басшысы кейбір көлемді түйткілдерді шешуге бірталай уақыт керектігін айтады.
«Көлсай мен Сұлусай тұрғындары келіп отыр. Олардың негізі мәселесі – ауыз су. Ол жақта 600-ге жуық халық тұрады. Ауыз су мәселесін қолға алып, сметалық – жоба құжаттары дайындалып жатыр. Күзде экспертизасын алсақ, ендігі жылға біз бюджетке сұраймыз, қаладан кіргіземіз. Сонда осы мәселеле шешіледі», - деді Медеу ауданының әкімі Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.